
Бұл заманның ең жақсысы еді, заманның ең жаманы еді; әрі ақыл дәуірі еді, әрі адамды адам ететін құндылықтар ұмытылған, көздерге бетперде қаттап тартылған, ойлай алмайтын күйге түскен, сенімімізді қорқынышқа тапсырған дәуір еді. Жиырма Жиырманың күдіктерімен Жиырма Жиырма Бірге өтетін күндерге аз қалды.
2020 – жақсы мен жаманға қатысты барлық қарама-қайшылықтар енді бір жерде тұра алмайтын жыл. Әділдік, адалдық, жауапкершілік, жанқиярлық, өзгелер үшін күресу, дұрыс жақта тұра білу батылдығын жоғалта бастаған жаңа дәуір.
Адамдар алаңдаушылық пен қорқыныштан асып, есінен адасқан күйде көшелерде… Ал көшелер тозақ отымен лаулап жанып жатыр. Жилеттерінің сарысы, қызылы, қарасы бір-біріне араласқан айқайлар – есуас. Ақыл мен сау пайым бетперде киген, біз түсіне алмайтын, ойлауды ойлап-ойлап, қатып қалған жерімізде ұмытып кеткен, тарихтың тозған беттеріндегі масқара дәуірлердің арасына жазылуы мүмкін тағы бір ғасыр…
Әттең! Түсінбей, тыңдамай, қолымыздағы жабысқақ әлеуметтік желінің лас әлемін бір пікірмен күшейтуге деген әлгі ұмтылыс… Үңгіріміздің қабырғасында ілулі тұрған ТВ-ның көлеңке ойындарымен жойылуға кесілген, қорқыныш дәуірінде қысылып қалған күй… Адам өмірінің құнсыздануы, тікелей басқа адамдардың санасына жасалатын шабуылдар – ойдың енді таусылғанының айқын белгісі.
Түсіну – мағыналандыру ретінде ұғымның қызметі, ал ұғым – ойлау қабілетінің абсолютті түрде мәнді бірлігі, ең түпкі негізі, өйткені ол өзін анықтау үшін басқа ешнәрсеге сүйенбейді және тек өзіне ғана мұқтаж. Ұғым – мағына мен түсінудің шынайы мүмкіндігі. Ал мағынаның жоғалуы – иеліктен шеттелудің дәл өзі. Иеліктен шеттелу – ұғымдық бұзылыс; ол белгілі бір ұғымдардың тек әлі игерілмегенін ғана емес, игерілгеннің жоғалғанын білдіреді. Түсіну үшін немесе есептеу үшін тоқтап ойлану керек. Адам ойлайтын жан ба? Әлде ойлау қасиетін жаңа ғана ашқалы тұрған жан ба?
Тілінде сүйегі жоқ Батыстың тілінен ең жағымсыздарын таңдап-таңдап өмірімізге жапсырдық… Бізге АДАМ екенімізді еске салатын қырларын да үйрене алсақ қой. Батыс тілдерінде «түсіну» етістігі «тұру» етістігінен тамыр тартады. Неміс тілінде stehen – тұру, verstehen – түсіну дегенді білдіреді. Ағылшын тілінде standing – тұру, understanding – түсіну дегенді білдіреді…
Ал біздің түрік тілімізде ше? Жоғалтып алған, қайта жинақтау мүмкін еместігінің үмітсіздігіне сендірілген өз ана тіліміздегі түсінудің мағынасы не, білеміз бе, әлде есімізде ме? Ұмытпаған болсақ, өшпенділікпен, зорлық-зомбылықпен сөйлеп, жаза алар ма едік?
Көне ұйғыр тілінде «bilip katıp» деген. Тарихи мәтіндерден, Андалиб дастандарының бірі – «Зейнел-Араб» дастанында kat- етістігі «түсіну» мағынасында анықталған. Сондай-ақ қыпшақ түркі тілі сөздіктерінің ішінде маңызды орын алатын «Китаб әл-Идрак»-та түрікменше белгісімен берілген kaygur- «түсіндіру» етістігі де, менің ойымша, бүгінгі күнге «ал, біраз алаңдаңыз, ойланыңыз және түсініңіз» болып жеткен. Бұлардың біріншісі – Күлтегін жазуындағы «tokuz oguz begleri bodunı bu sabımın edgüti eşid katıgtı tıŋla», яғни «Тоғыз оғыз бектері, халқы, менің бұл сөзімді жақсылап естіңдер, түсіне отырып, бар ықыласыңмен тыңдаңдар» деп аударылған. Екіншісі – «Алтын ярук сутра»-дағы «ürüg amıl tikisiz katıgtı sözlesün bo daranıg» – «сабырлы/байыпты әрі үнсіз (түрде), жақсы түсініп айтсын» деп мағыналандырылған. Қысқасы, сөйлеп жүрміз деп ойлайтын түрік тілімізде «бір тоқтап, ойланайықтың» мағынасы келіп тірелетін ең көне тамырларды, бәлкім, осы жерден көре аламыз. Қосымша ретінде тоқтап ойлануға, өзімізге қарауға көмектесе алатын басқа тілдердегі мағыналар: грек тілінде «sta/ste» – «тұру», «episteme» – «білу, түсіну», араб тілінде «вақафа» – «тұру», «уақф», «уқуф» – «түсіну»…
Түсінетін нақ уақыт келді! Түсінуден басқа амалымыз жоқ екенін ТҮСІНУІМІЗ КЕРЕК. Аз да болса уақытымыз бар, ең болмағанда әлі де оянатын бір түнге, оянуға ұласа алатын бір таңға дейін! Әлеуметтік желіде, телехикаяларда уақыт өткізетіндей сағаттарымыз жоқ екенін, лаулап жанған көшелердің өрті тұрып жатқан үйлерімізге шарпымай тұрғанда оянуымыз керек. Ойланбай сөйлеп, жазып жүргенімізді түсінуіміз керек… Үңгіріміздің қабырғасындағы жалған көлеңкелердің шағылысы бізге тиесілі емес ойларымыз екенін білуіміз керек. Сезімдердің, түйсіктердің және ұғымдардың ешқайсысы бізге тиесілі емес екенін енді аңғаруымыз керек. Көшіріп-қоюмен таусылмайтын жалғандықтардың жапсырылғанын енді шешуіміз керек.
Сыни көзқарас пен төзімділік күшінің сана әлеміндегі осы басып-жаншыған ұстанымға шыдамай, қашып кетуі… Олар өз орнын тек сыртқы субъектілерге қарсы қойылу арқылы ғана зорлықпен мағынаға ие бола алатын көлеңкелерге қалдырған мына әлемде қашанғы төзе аламыз?
Кек, өшпенділік, кегін қайтару, ыза, ашуға тоймайтын, өз болмысына байланысты, кемсіну кешені секілді Адамның жаратылыс қасиетінде болмаса да, адамнан көрініс табатын осы күйге, әрине, ойлайтын зерделер анықтама берген. Бұл психологиялық күйді (Ressentiment), «philistine» деген адам типін Шопенгауэр былай сипаттайды:
«Ешқандай рухани қажеттілігі жоқ адам (philistine), шын мәнінде, шынайы емес шындықпен әрдайым және аса үлкен байыппен айналысады. Шынайы қажеттіліксіз шынайы ләззатты тату мүмкін болмағандықтан, рухани қажеттілігі жоқ philistine-нің ешқандай рухани ләззат алуы мүмкін емес. Бұл ләззаттар, оларға бет бұруға мәжбүрленген жағдайда, оған ауыр міндет болып көрінеді. Ол үшін шынайы ләззаттар – тәндік ләззаттар. Бұл адамдардың екінші ерекшелігі – басқа адамдар туралы сөз болғанда, оның тек тәндік, рухани емес қажеттіліктері болғандықтан, тек өзінің осы қырын қанағаттандыратын адамдардың достығын іздеуі. Ол достарынан ең соңғы күтетін нәрсе – олардың қандай да бір рухани қабілетке ие болуы; оның үстіне, егер мұндай адамдар алдынан шыға қалса, олар бойында бірден жақтырмаушылық, тіпті өшпенділік оятады. Мұның себебі – дәл осы адамдардың алдында ғана іштей әлгі жағымсыз кемшілік сезіміне бой алдыруы, жүрегінде оларға қарсы тіпті өзінен-өзі мұқият жасыруға тиіс бір қызғаныш сезінуі; соған қарамастан бұл қызғаныш дәл осы себепті кейде іштей бұрқылдап, күшейе түседі. Бірақ осының бәріне қарамастан, өзіне ғана тән пайымдарының өлшемдері бойынша өзін құнды немесе артық санаудан бас тарту оның ойына мүлде кіріп-шықпайды.»
Шопенгауэр тағы да «білуді» нұсқай отырып, біз тоқталып бір ойлансын деп, үш адам типін былайша түсіндіруді қажет деп тапқан:
- Себептік байланыстарды көретін, өзі де соның ішінде болатын және қолынан келетін ең көп нәрсесі ғылыммен айналысу болып табылатын «ақылды адам».
- Әлеммен себептіліктен тыс байланыс орната алатын, себептіліктің арғы жағына өте алатын «тәуелсіз білетін адам», «шығармашыл адам» (суретші, өнер иесі).
- Себептік байланыстардан асып, мұны көрумен ғана шектелмей, себептіліктен тыс тәуелсіз өмір сүре алатын, әлемнің мәні мен негізі тұрғысынан ерік екенін көретін және бүкіл өмір бойы өз ерік-қалауын тыятын адам.
Қорыта айтқанда, кез келген жағдайда, қандай шарттар болса да, ойлауды, зерттеуді, білуді қалайтын АДАМ, әрине, Марстағы энергия көздерін де білгісі келуі мүмкін. Марстағы өмірді армандап, зерттеп, ойланып, оны талдаумен айналысып жүрген ғалымдар, бәлкім, бір таңғаларлық жаңалықпен жер бетін қайтадан өмір сүруге жарамды ете алар. Неге болмасқа? Кілт сөздер: Білім, Пайымдау, Тоқтау, Ойлану, Қиял, Таңдану, Таңырқап қалу
Баршамызға тоқтап, ойлана алатын Саулықты Күндер тілеймін…