Қазақстандық студенттер Түркияда тегін тағылымдамадан өтеді
2021 жылғы 26 мамыр, 17:56
5844
Биыл жазда 260 қазақстандық студент бірегей мүмкіндікке ие болды: Түркияда туризм және қонақүй ісі бойынша тегін білім алу. Жастар 4 ай бойы Antalya Bilim University-де оқиды, сондай-ақ бес жұлдызды Rixos қонақүйлер желісінде тағылымдамадан өтеді. Бұл мүмкіндік TELP (Tourism Experiental Learning Program) халықаралық тәжірибелік туризм білімі бағдарламасының арқасында туды. Бағдарламаға Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент және Түркістаннан 7 жоғары оқу орны қатысып, түрік серіктестерімен ынтымақтастық хаттамаларына қол қойды.

«Халықаралық бағдарламаның арқасында Қазақстанда жаңа білім алып, оны тәжірибеде қолдана алатын қызметкерлердің саны көбейетініне қуаныштымын. Туризм – жүректен жасалатын іс. Еліміздің жетекші университеттері жүрекпен еңбек ететін және туризм саласындағы достық пен ынтымақтастық көпірін нығайтатын жас мамандарды даярлауға үлес қосатынын мақтан тұтамыз», – деді Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Rixos President Astana қонақүйінің бас менеджері, профессор Тансел ТЕРДЖАН.
Студенттер Анталия Білім университетінің туризм факультетіне қабылданады. Теориялық білім алғаннан кейін олар қонақүй ісі мен мейрамхана бизнесінің барлық қыр-сырына араласады. Оларға кеңсе жұмысына, қонақүй тазалығына, туристерге арналған мәзір, сусын және тағам дайындауға т.б. терең бойлау мүмкіндігі беріледі. Осылайша бағдарлама соңында олар Түркиядағы туризм индустриясының қалай жұмыс істейтіні және не арқасында әлемдік көшбасшылар қатарына қосыла алғаны туралы толық түсінік алады.

Қазақстандық студенттердің тұруға, жол жүруге, тамаққа және арнайы киімге байланысты барлық шығыны толығымен өтеледі. Оған қоса олар ай сайын шамамен 100 доллардан алады. Болжам бойынша, туристер ағыны күтілетін шілде айында студенттердің алғашқы тобы Анталия, Бодрум және Гёджектегі бес жұлдызды қонақүйлерде тағылымдамасын бастай алады.
«Қазіргі уақытта біз 70 студентті іріктедік. Алайда баруға ниетін 67 адам білдірді. Бірақ болашақта сұраныс болады деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл студенттер үшін осы білім беру бағдарламаларында оқудың тамаша мүмкіндігі. Өйткені Қазақстан нарығында білікті кадрлардың тапшылығы мәселесі бар екенін білеміз. Бұл кешенді бағдарлама студенттерімізге қонақүй ісі, мейрамхана бизнесі, аспаздық және, мүмкін, ойын-сауық индустриясы салаларындағы практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді; бұлар біздің нарықта аса сұранысқа ие», – деп атап өтті ҚазТБУ Экономика және сервис факультетінің деканы, DBA, профессор Алмагүл НҰРҒАЛИЕВА.

«Университетіміз мейрамхана ісі, қонақүй ісі және туризм білім беру бағдарламаларының студенттерін іріктеді. Бүгінгі таңда бұлар ағылшын тілін, сондай-ақ қазақ, орыс және түрік тілдерін жақсы меңгерген, сабағы үздік 2- және 3-курстың 30 студенті. Олардың төлқұжаттары мен фотосуреттерін алдын ала дайындап, жазғы мектепке қатысу өтінішін толтырдық. Студенттеріміз вакцина салдырды. Көпшілігі вакцинацияның екі кезеңінен де өтті. Жолға шықпас бұрын қалғандары да екінші кезеңді аяқтайды деп үміттенемін. Әрине, бұл студенттеріміздің қауіпсіздігі және коронавирустың таралуының алдын алу үшін жасалып отыр», – деп әңгімеледі ЕҰУ ректорының міндетін атқарушы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Еркін ОҢҒАРБАЕВ.

Түркия заңды түрде қазіргі туризм индустриясының көшбасшыларының бірі болып саналады. Сондықтан бауырлас елдің ондаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі Қазақстан үшін өте маңызды; мұны елдегі жоғары оқу орындарының басшылары да баса айтады. Әсіресе елдің оң имиджін қалыптастыра алатын білікті мамандарды даярлауда. Сонымен қатар халықаралық бағдарлама жастарға қарым-қатынас дағдылары мен шет тілдерін меңгеру деңгейін арттыруға, байланыс орнатуға, ой-өрісін кеңейтуге, жаңа құзыреттер мен дағдыларды игеруге, өзін көрсетуге және болашақта табысты мансаптың берік іргетасын қалауға мүмкіндік береді. Ең дарынды студенттер университетті бітіргенде, ең алдымен Қазақстанда, бірақ тек онда ғана емес, Rixos қонақүйлеріне жұмысқа қабылдануда басымдыққа ие болады. Бұл қонақүйлер орналасқан әлемнің кез келген елінде де олардың артықшылығы болады.

Ұйымдастырушылар ABU TELP бағдарламасының жалғасатынын, қазақстандықтардың жаңа деңгейге көтерілуіне, болашақта қызмет көрсету саласында әлемге танымал мамандар мен басшылар болуына көмектесетінін атап өтеді.
Орыс тіліндегі түпнұсқадан аударылған.
