Басты бет

CISACADEMIA

Қазақстанда түріктер қазақ туризм мамандарын даярлап жатыр

Қазақстанның астанасы Астанада түрік туризм мамандары өздері басқаратын қонақүйлерде қашықтан оқыту, шетелге жіберу және тағылымдама мүмкіндіктерін ұсына отырып, қазақ туризм мамандарын даярлап жатыр.

Астанада қызмет көрсететін 4 немесе 5 жұлдызды қонақүйлерді басқаратын түрік туризм мамандары қонақүй қызметкерлеріне қашықтан және шетелде оқу мүмкіндігін, туризм оқу орындарының студенттеріне тағылымдамадан өту мүмкіндігін беріп, елордадағы туризмнің дамуына үлес қосуда.

Әлемге әйгілі төрт жұлдызды қонақүйдің бас директоры Синан Удил AA тілшісіне берген сұхбатында көп жылдан бері қонақүй саласында жұмыс істейтінін айтып, қонақүйлер саны артып келе жатқан Қазақстанда саланың қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

Қазақстанның қонақүй нарығына алғаш кірген шетелдіктер түрік инвесторлары болғанын айтқан Удил: «Бірде-бір шетелдік инвестор мұнда қонақүй ашуға батылы бармай тұрғанда, 1996 жылдары түріктер келген. Қазақстанға жақындығы себепті олар қорықпай инвестиция салып, алғашқы 5 жұлдызды қонақүйді ашқан», – деді.

– «Қызметкер табуда қиындыққа тап болдық»

Удил өзі басқаратын желілік қонақүйдің 4 жыл бұрын ашылғанын айтып: «Ашылған кезімізде қызметкер табуда қиындыққа тап болдық. Қонақүйде қабылдау бөлімі, тамақ және сусын бөлімінің менеджері, бас аспаз сияқты лауазымдарда 5-6 шетелдік қызметкер жұмыс істейтін, өйткені бұл жұмыстарды атқаруға жеткілікті тәжірибесі бар жергілікті мамандар жоқ еді», – деді.

Уақыт өте келе мамандар даярлап, жүз пайыз жергілікті қызметкерлермен жұмыс істеу деңгейіне жеткендерін айтқан Удил: «Жергілікті қызметкерлерді даярлауда 90 жылдық қонақүй брендіміздің берген күші бар. Оның әлемде 4 мыңнан астам қонақүйі бар. Бізде қашықтан оқыту бағдарламалары бар. Соларды пайдалана отырып, қызметкерлерімізді оқытамыз. Оқу үшін қызметкерлерді шетелге де жібереміз», – деді.

Удил өздері даярлаған қызметкерлердің енді жаңа қонақүйлерде жұмыс істей бастағанын айтып: «Қазір толығымен жергілікті қызметкерлерге сенім артамыз, солармен жұмыс істейміз және оның нәтижесін де көріп отырмыз. Бұл шығынды азайтады. Шығын азайған соң бөлмелерді қолжетімдірек бағамен сата аламыз», – деді.

Удил мемлекеттік жобалар аясында шетелдегі беделді туризм оқу орындарында білім алған студенттердің де қонақүйінде жұмыс істейтінін, мұның өзі мемлекеттің қолдауы екенін атап өтті.

– «Қонақүйлерді басқаратын жергілікті бас директорларды даярлаймыз»

Удил Қазақстанда жоғары білікті туризм мамандарының саны артып келе жатқанын атап өтіп: «5-6 жылдың ішінде қазіргі қонақүйлерді жергілікті бас директорлар басқара бастайды деп ойлаймын. Жақында оларды да даярлауды бастаймыз», – деген пікір білдірді.

Қонақүйді табысты басқару үшін қызметкерлермен жақсы қарым-қатынас орнату қажет екенін баса айтқан Удил былай деді:

«Бұл адамдар өз жұмысын сүйіп, адал істесе, бізді табысқа жеткізеді, өйткені бас директорлар ретінде біз жалғыз өзіміз ештеңе істей алмаймыз. Сондықтан арамызда жақсы қарым-қатынас болуы керек. Қазақтар екеуміз бір тамырдан тараймыз. Сол себепті біз бұл байланысты жақсы орната аламыз. Мен өзімді жат сезінбеймін. Оларға да өзімнің бөтен екенімді сездірмеймін. Мәдениетке, салт-дәстүрге құрметпен қараймын. Олар мұны сезінеді. Сөйтіп, табысқа жетеміз».

– «Барша адам үшін жұмыс мүмкіндігіне айналды»

Басқа бір қонақүйдің бас директоры Бахри Акташ та 10 жыл бұрын Астанаға келгенде қалада 1-2 түрік қонақүйі ғана болғанын, өздері қалада халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін үшінші қонақүй ретінде жұмысын бастағанын айтты.

Қонақүйді ашқан кезде білікті қызметкер табуда қиналғандарын айтқан Акташ: «Қонақүйде жұмыс істейтін жергілікті қызметкерлердің ішінде қонақүй ісінде тәжірибесі бар 2-3 адам ғана болды», – деді.

Астанада туризм саласы бойынша білім беретін техникалық колледжбен келісімге келіп, студенттердің қонақүйде тағылымдамадан өтуін қамтамасыз еткендерін айтқан Акташ тағылымдамадан өткендердің басым бөлігін жұмысқа алғандарын, сол қызметкерлердің қабылдау бөлімі мен түнгі менеджер лауазымдарына дейін көтерілгенін хабарлады.

Өздері оқытқан қызметкерлердің арқасында қонақүйдің қонақтарды қарсы алу, жылдам қызмет көрсету сияқты мақсаттарына жеткендерін айтқан Акташ қазақ жастарының өзін жетілдіруге, жұмысты үйренуге ашық екенін атап өтті.

Акташ бұрын Қазақстанда қонақүй ісіне кәсіп ретінде қаралмағанын айтып: «Көбіне студенттер оқу демалысында қонақүйде жұмыс істеуді ойлайтын, бірақ қазір қонақүйлер қалада барша адам үшін жұмыс мүмкіндігіне айналды. Қонақүй ісі маңызды салаға айналды. Бұл іске түрік туризм мамандары ретінде біздің де үлесіміз бар деп ойлаймын», – деді.

– «Қызметкерлерімізді жеке-жеке даярлаймыз»

Астанадағы тағы бір бес жұлдызды қонақүйдің бас директоры Тансел Терджан да қонақүй қызметкерлеріне тіл үйрететіндерін айтып: «Жақсы жұмыс істейтін кәсіпорындар жақсы жұмыс істейтін қызметкерлерді жалдау арқылы өсе алады», – деді.

Қазақстанда түрік қонақжайлылығын көрсетуге тырысатындарын айтқан Терджан: «Ол үшін қызметкерлерімізді жеке-жеке даярлап, оқытамыз. Түркиядағы қонақүйлеріміздің деңгейінде қызмет көрсетуге тырысамыз», – деді.

Терджан Астананың іскерлік және туристік орталық ретінде дамып келе жатқанын, саны барған сайын көбейіп жатқан қонақүйлердің білікті қызметкерлерге мұқтаж екенін айтып, елдің қонақүй саласының дамуына үлес қосуды жалғастыра беретіндерін мәлімдеді. aa

rtib.org