
Хаос туралы естігенде денеміз түршігіп, ондай ортадан дереу қашқымыз келеді. Шын мәнінде біз жайлылық аймағымыздың өзгеруінен қорқамыз. Өзімізді қауіпсіз сезінудің жалғыз жолы – жайлылық аймағымызда қалып, бұл аймақта хаостың көлеңкесі де болмауын қамтамасыз ету. Болжауға болатын өмір үйден қорықпай шығуымызға мүмкіндік береді. Ауа райын білу, жаңбырдың астында қалмау, барар жерімізге қарай ауыстыруға болатын киімдерімізді өзімізбен бірге алып жүру – осы ойлау жүйесі өміріміз бен болашағымызды сеніммен құруымызға жол ашады. Аристотель «Метафизика» кітабының кіріспесінде атап өткендей: «Барлық адамдар табиғатынан білуге ұмтылады.» Өйткені адам тек өмір сүруді, тірі болуды ғана қаламайды, өз ғұмырының себебі мен құнын да білгісі, ұққысы келеді, жаратылысы солай…
Философия көбіне жауабы жоқ сұрақтардың жиынтығы ретінде талқыланады. Таным философиясының сұрақтарына бүгінде ғылымның арқасында жауап беріліп келеді. Кант аналитикалық пайымдарды анықтағанда ойлау ұғымын да қолданады. Ойлау ұғымы оң мағынасында аналитикалық пайымдарды мысалдаса, теріс мағынасында синтетикалық пайымдарды меңзейді. Өйткені синтетикалық пайымдарда пайымға қосылған предикат субъект ұғымында ешбір түрде ойластырылмаған. Яғни предикатты субъектіні талдау арқылы ешқалай алуға болмайды. Кант мұны былай тұжырымдайды: «Аналитикалық пайымдар арқылы біздің біліміміз ешқандай кеңеймейді, керісінше, менде әлдеқашан бар ұғым талданып, өзім үшін түсінікті етіледі».
Бақылау жасамай алған білімдеріміз де бұрын жасалған бақылаулардың математикалық не физикалық нәтижесі ретінде алдымыздан шығады. Мұның ең жақсы мысалы – ХІХ ғасырдың жаңалықтарының бірі, Леверье мен Галленің Нептунды ашуы. Леверье мен Галле Уранның орбитасына басқа бір планетаның тартылыс күші әсер етеді деп ойлаған. Ол планетаның орнын математикалық жолмен есептеп шығарып, Германиядағы Фраунгофер телескопымен бақылаған. Және олардың бақылаулары болжамдарымен сәйкес келді. Шамамен 150 жылдық осы білім Пьер-Симон Лапластың детерминизм идеясының қалыптасуына негіз болды.
ХІХ ғасырдағы Батыс әлемінде табиғатта және қоғамда болатын әрбір оқиғаға араласуға мүмкіндік беретін детерминизмнің шарықтау шегінде болғаны белгілі. Атап айтқанда, детерминистік парадигманың ықпалынан жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдарды ажырату онша оңай болмаған бұл кезеңде детерминизм тек ғылымның дамуын қалыптастырумен ғана шектелмеді. Әрі бұл қарапайым, біркелкі, механикалық әлем бейнесі сонымен бірге басқа да көптеген салаларға тарады. Ол Америка Конституциясын әзірлеушілерді сағаттың тетіктеріндей толық үйлесіммен жұмыс істейтін үкіметті бақылауды қамтамасыз ететін басқару машинасын жасауға итермеледі.
Наполеон соғыстары салдарынан бұзылған Еуропаның саяси жағдайын түзету және Еуропаның болашақтағы ахуалын айқындап, белгілеу мақсатында барлық еуропалық мемлекеттер Венада ұлы конгресс өткізді. Конгресті төрт ұлы держава, яғни Англия, Ресей, Австрия және Пруссия басқарған еді. Конгреске Австрия премьер-министрі князь Меттерних төрағалық етті. Француз революциясынан кейін Еуропада туындаған мәселелер жөнінде келіссөздер жүргізілген конгресте Француз революциясынан кейінгі дәуір «ұлтшылдық дәуірі» деп сипатталды. Көпұлтты Австрия империясының премьер-министрі Франц фон Меттерних қауіпті деп санаған ұлтшылдық ағымынан туындауы мүмкін мәселелерді шешу үшін Еуропаның консервативті күшті мемлекеттерінің бірлесіп әрекет етуіне жағдай жасауды көздеді. Айтқандарының дерлік барлығын қабылдатқан Меттерних қайта құрылған Еуропаның жетекшісі ретінде бағаланды. Тіпті Меттернихті «Еуропаның тізгінін қолында ұстаған адам» деп, біраз уақыт көкке көтерген еді. Комиссиялар түрінде жұмыс жүргізген бұл халықаралық конгресс осындай алғашқы үлгі болуы тұрғысынан қызықты әрі маңызды.
Меттерних Еуропада күштер тепе-теңдігін орнату үшін Вена конгресіне бара жатқанда, жүгінде Пьер-Симон ЛАПЛАСТЫҢ еңбектері мен мақалаларының бір данасын алып жүрген.
Хаос теориясын алғаш рет 1975 жылы Джеймс Йорк пен ТЯНЬ-ЯНЬ ЛИ тұжырымдаған, ол бізге маңызды бір нәрсені еске салады. Әлем болжауға болатын үлгімен айналмайды. Ұнаса да, ұнамаса да, хаос – өміріміздің бір бөлігі. Өзгеріс болатын шағын аймақтар бар, кейбір оқиғалардың салдарын болжау да мүмкін емес. «Кез келген жоспарды кез келген уақытта өзгертуге дайын болуымыз керек деген сөзді айтудан ешқашан тайынбаймыз, бірақ бұл ойды іске асыруға келгенде қашамыз», – дегенде, Хаос теориясы бізге оқиғаның нәтижесі әртүрлі айнымалыларға байланысты екенін айтады. Айнымалылардың нәтижеге қалай әсер ететінін біз әрдайым болжай алмаймыз. Әрқашан қателік ықтималдығы, өзгеріске арналған кеңістік, соңғы сәтте бәрін өзгертетін бір қателік болады. Кейде кішкентай өзгеріс үлкен әсер береді де, бүкіл жоспар хаосқа айналады.
1961 жылы Эдвард Лоренц ауа райын болжай алатын компьютер жасауға тырысты. Бұл үдеріс барысында ол бүкіл жүйенің болжап болмайтын мінез-құлық таныта бастағанын байқады. Бұл сандарды дөңгелектеу қатесінен болды. Кейін бұл тәжірибе көбелек әсерін анықтауға көмектесті. «Қытайда бір көбелек қанатын қақса, Америкада жер орнынан қозғалады».
Батыс саяси, қоғамдық өмірдің жұмыс істеуіне қолданған жалғыз әдіс ретінде осы хаос теориясын барынша қабылдап, бойына сіңірді және оны қолынан қайта шығарғысы келмеді. Осы теорияның арқасында хаостан тәртіп құру үшін бүкіл әлеуметтік өмірді осы теорияға негіздеп құрды. Ал әлеуметтануда бұл хаостың мүмкіндіктерін әлеуметтік оқиғаларды айқындаудағы күш ретінде пайдаланды.
Мінез-құлқы белгісіз әрі болжап болмайтындай көрінетін жүйені модельдегенде екі негізгі философиялық тәсілдің бірі ұстанылады: не белгісіздік жүйенің ішкі қасиеті деп, жүйенің бойында себептілік қағидатына бағынбайтын кездейсоқтық элементі бар деп болжанады; не жүйе шын мәнінде толықтай детерминистік, яғни белгілі себеп-салдарлық байланыстарға негізделіп әрекет етеді, бірақ біздің білімімізнің жетіспеуінен туындайтын бізге тән белгісіздік бар деп қабылданады. Кездейсоқтығы бар жүйенің алдағы уақытта не істейтінін толық болжай алмауымыз заңды. Ең көп дегенде ықтималдық есептеулерін жүргізіп, қайталанатын оқиғаларда орташа мәнді және соған ұқсас статистиканы дұрыс болжай аламыз деп ойлауымыз мүмкін. Ал детерминистік түрде модельденген жүйе туралы сөз болғанда, ғылым мен технология дамыған сайын жүйе туралы білім олқылықтарымызды жойып, жүйені жақсырақ модельдеп, дәлірек өлшеулер жасау арқылы оның қалай әрекет ететінін барған сайын жақсырақ болжай алуымыз күтіледі. Яғни бар, қол жеткізе алатын, бақылай алатын АҚПАРАТ ҚОЗҒАЛЫСЫНА қарай… Дәстүрлі қалыптасқан көзқарас бойынша қысқаша қарайтын болсақ, детерминистік жүйелер табиғатынан болжамды, жеткілікті ақпараты бар бақылаушы жүйенің не істейтінін болжай алады.
1970-жылдары танымалдығы арта бастаған Хаос теориясы жатталған қағидаларды астаң-кестең етіп, ерекше жағдайларда өзіне негіз тауып, детерминистік жүйелерде ұзақ мерзімді болжамның ешқашан мүмкін еместігі туралы көзқарасты ашық алға тартты. «Детерминистік хаос» туралы зерттеулер әсіресе «тұрақты хаостық режимдерге» шоғырланды. Бұл арқылы детерминистік жүйенің өзін ешқашан қайталамай жалғастыратын, кездейсоқ сияқты көрінетін, бірақ белгілі бір шектерде қалатын және кейбір статистикалық қасиеттері тұрақты болатын қозғалыс түрі меңзеледі. Бұл, шын мәнінде, бір түрлі күрделі әрі динамикалық тепе-теңдік күйі.
Белгісіздік – күнделікті тілде әдетте жағымсыз ретінде қабылданып, жеткізілетін ұғым. Адамның белгісіздіктен құтылуға қатысты алаңдаушылығының ең негізгі себептерінің бірі – оның табиғатынан білуге ұмтылуы, әрекет етуге мәжбүр болуы. Өмір алдымызға шығаратын түрлі жағдайларда біз үшін ең дұрыс әрекетті таңдай алу үшін қолымыздағы ақпарат пен модельдердің айқын болғанын қалаймыз. Әрекетіміздің соңы қандай нәтиже беретіні белгісіз болғанда, шешімсіздіктің туғызатын мазасыздығымен, жайлылық аймағын жоғалту сезімімен бетпе-бет келеміз.
Кейде әлеуметтік серпін артқанда, бірқатар реттеуші тетіктер іске қосылады. Қайта азайған күрделілікпен бірге «тұрақты хаостық режим» мағынасындағы хаос тірі жүйелер үшін үміт сыйлауы мүмкін. Тірі организмдер үшін де, қоғамдар үшін де түрлі баламаларды сынай отырып, жағдайларға бейімделуге, үйренуге, дамуға, шешім табуға және жаңаруға қолайлы «тұрақты хаос» өз мөлшерінде, байыпты, теңгерімді болған жағдайда тыныш әрі сау режимнің нәтижесін сыйлайды. Мұның керісінше ойласақ, нақты мінез-құлық үлгілерінің қайталануымен толықтай болжамды болмыс түрі тіршілік талап ететін бейімделуден айырылған, демек, тұрақсыз, тіпті төзгісіз өмір тудыруы мүмкін. Яғни өмір ойдан және ғылымнан алыс әлемдік тәртіптен ғана тұруы мүмкін.
Ең соңында 2020 жылғы пандемия кезеңі ретінде басымыздан өткеріп жатқан осы күндердің алдындағы уақытқа да қысқаша еске алу ретінде көз жүгіртсек: Балқандағы, Таяу Шығыстағы бітпейтін соғыс пен зорлық-зомбылық, әлемде жойылып бара жатқан табиғи ресурстар, жаһандық жылыну, энергетикалық соғыстар және осы секілді тағы көп нәрсе… Тепе-теңдіктердің үздіксіз орын ауыстыруының астында қалып, кейін қайтадан сәл тыныс алуға тырысатын өміріміз… Және айлар бойы күткен АҚШ сайлауы! Ол пандемияның белгісіздігін неше есе арттырғанын әлі білмейміз. «Алтын тәжді бейсенбінің пандемиялы сайлау белгісіздігі». Әлемде бәрі болжау жарысына түскен осы соңғы оқиғалардың Хаос теориясымен байланысын ойлайтын дәл уақыт. Әлем кездейсоқ хаостың ішінде ме, әлде бұл хаос себептілікке байланысты дамып жатыр ма? Міне, біз әр сәт еске салуға тырысатын әйгілі сұрағымыз: «Бізге не болды?» және «Бізге тағы не болады?» Бұл мәселеміз, меніңше, дәл осы жерде ерекше мәнге ие болады.