Басты бет

CISACADEMIA

«Цифрлық әлемнің – BlockChain – әлеуметтануы»

Жаһандық тәуекел қоғамы дәуірінде қалай өмір сүріп жатырмыз?

Өзіміз тудырған тәуекел – киберқауіптің салдарларының алдын алу, оны басқару және жеңілдету бүкіл әлемдегі жеке адамдар, кәсіпорындар мен елдер үшін үлкен сынақ. Қазіргі қоғамдағы жаңа өмір салтына сауал қоюға қаншалықты уақыт бөліп жүрміз? Тіпті бізді кімдердің, қалай, қандай мақсатпен қайта қалыптап, біз мүлдем білмейтін маталарды пішіп-пішіп, үстімізге киім деп кигізіп жатқанынан қаншалықты хабардармыз? Қоғамның серпінін, модернитидің ғылымының шекарасын есептемей, оның қабырғасына соғылғаннан кейін ғана «Бізге не болып жатыр?» деген сауалға жармасамыз ба?

Біз өмір сүріп жатқан дәуірдің адамдар мен қоғамдар үшін қалай және қандай түрдегі өзгерістерге сахна болып отырғанын сезінеміз бе? Профессор Иоанна Кучуради өз үндеуінде атап өткендей: «Әлемде болып жатқан оқиғаларға қарағанда не көремін? Постмодернизм келіп, өз шегіне соғылған күйде тұр. Көп адам не істеп жатқанын аңғармайды. Әлемде болып жатқанға қарасақ, адамдардың кез келген әрекетке, кез келген идеяға бірдей құндылықпен қарайтынын көреміз. Ал шын мәнінде бәрі бірдей құнды емес. Постмодернизм айтқандай ‘Anything goes’ емес. Яғни бәрі жүре бермейді, бола бермейді, болмайды да! Өз шамаңды білу деген нәрсе бар. Міне, осы алынып тасталды, енді бәрі мүмкін, бәрі бола береді.»

Цифрлық әлемге ХХ ғасырдан қалған мұра: «Anything goes, ‘Мен істедім – болды! Кім не көрсе де, ешқандай маңызы жоқ. Ортаға не тастасаң да, қоғамнан өз орнын табады’». Көргеннің ішкі шері, көрмегеннің өмір салты онсыз да осы…

Тәуекел қоғамы дәуірінде білімсіздіктің жеке адамдар мен қоғамдарды технологиялық, ғылыми, өнеркәсіптік прогреске араласу мен сын айту мүмкіндігінен айыруынан туындайтын қауіпті көре алдық па? Әлде шамадан тыс білім мен ол білімді сұрақсыз пайдаланудың да білімсіздіктен кем емес жаман әрі қауіпті екенін аңғармағандықтан шекараларға соғылдық па?

Міне, осылайша шекараларына соғыла-соғыла, өмір сүру күресінің жемісі болған «Тәуекел қоғамы» теориясы модернити мен оның институттары бастапқы күйімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары сатыға өтті, модернити радикалданды, сондықтан қол жеткен бұл саты адамзатты болашақтағы ықтимал салдарларын болжау мүмкін емес белгісіздіктер дәуіріне әкелді деген тезиске сүйенеді. Оның үстіне, аталған белгісіздіктер – модернитидің немесе табиғатты бағындыруға ұмтылған қазіргі заман адамының жасап шығарған белгісіздіктері. Бастауы табиғи емес, адам жасаған белгісіздіктер Чернобыль апаты, жаһандық жылыну, шөлейттену сияқты мысалдармен сипатталатын және салдарын болжау мүмкін емес ықтимал ауқымды тәуекелдерді тудырды. Жасанды белгісіздіктер дәуірінің қоғамы – тәуекел қоғамы. Тәуекел қоғамы теориясының сәулетшілері – неміс әлеуметтанушысы Ульрих Бек пен ағылшын әлеуметтанушысы Энтони Гидденс «рефлексивті модернити» және «радикалданған модернити» тұжырымдамаларының маңызын өздеріне парыз санап, қазіргі қоғамға тұтас көзқараспен қарап, адамзаттың қайда сырғып бара жатқанын, оның жойылуын кітап-кітап етіп хабарлаған.

Технология үздіксіз дамыған сайын, өмірімізді жеңілірек әрі табыстырақ ету үшін одан пайда көргіміз келеді. Әлеуметтік және коммерциялық мақсатта пайдаланатын ұйымдарға беретін деректеріміз маңыздырақ бола түсуде, бірақ сонымен бірге тәуекел де артып келеді.

Бұл жеке адамдар үшін жеке деңгейде мәселелер туғызумен қатар, қарым-қатынастар сүйенетін сенім бұзылған сайын, бизнес пен қоғам үшін де ауыр тізбекті салдарлар тудыруда. Ульрих Бек келе жатқан бұл қауіптің үдерісін бақылау арқылы алған деректерімен тәуекелді қабылдаудың жүйелердің, технологиялардың және әлеуметтік құрылымдардың болашақ дамуын өзгерте алатынын көрсетеді.

Гидденстің пікірінше, модернити құрылымдық тұрғыдан жаһандандырушы сипатта, ал бұл құбылыстың дүр сілкіндірер салдарлары модернитидің рефлексивті табиғатының циклдік сипатымен ұштасып, тәуекел мен қауіп жаңа құрылымға енетін оқиғалар әлемін қалыптастырады. Модернитидің жаһандандырушы үрдістері бір мезгілде әрі кең таралған, әрі қарқынды сипатқа ие; олар жергілікті деңгейде де, полюстерде де күрделі өзгерістер диалектикасының бөлігі ретінде жеке адамдарды ауқымды жүйелермен байланыстырады.

Деректермен бөлісу өмірді жеңілдетеді деген оймен, жайлылық пен байланыс оңайлығын қамтамасыз ете отырып, деректердің біздің жеке меншігіміз екенін де ұмытамыз. Олардың қате қолға түсуімен физикалық, қаржылық және психологиялық тұрғыда өте жоғары құнмен бетпе-бет келетінімізді сезінеміз бе? Бұл жағдай адам құқықтарының шектелуін, кемсітушілікті, жеке басты ұрлауды немесе алаяқтықты, қаржылық шығынды, беделге нұқсан келуін және елеулі экономикалық немесе әлеуметтік тиімсіздікті қамтиды.

Халықтың басым көпшілігінің күнделікті өмірін амалсыз онлайн жалғастыруы үшін пандемия ең жақсы шешім болды. Ең алдымен білім беру саласы, мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлері, тіпті жұмыс істемесе де, «өмір енді цифрлық кеңістікте» деп, онлайн болуға міндетті адамдардан кем түспей өзін соған мәжбүрлеген топты да назардан тыс қалдырмай, мәселені түсінуіміз керек. Онлайн өмір үлгісінде жиналған ақпарат, сол ақпарат сақталатын пул, бұлт, ыдыс-аяқ – енді кімнің санасында қалай қалыптасса, солай… Міне, жаңа әлемнің тағы бір ұғымы!

Маңыздысы – бұл ұғымдардың қызметін, неге тап болып отырғанымызды білу. Big Data – ірі деректер пулдарының жеке мәліметтерді ұрлап, олардан ақша тапқысы келетін киберқылмыскерлер үшін аса тартымды болуы. Немесе осы деректерді сатып, ақшаны ақша демейтін, ақшаны «Diem»-ге айналдырғандардың байлығы еселеніп жатқанда, құқық, заңдар бұл жағдайға не дейді? Білеміз бе? Жаңа цифрлық әлемнің адам құқықтары немесе құқықтық жүйесі қандай? Жаза, санкция қызметі қайда? Адвокат, судья, прокурор секілді мантия киген қызметкерлері…? Қауіп ортасы үнемі өзгеріп отырады. Кеше жағдайды анықтаған кез келген сарапшының берген мәліметі бүгін жаңа цифрлық әлемде қауіпсіз болмауы мүмкін.

Әлеуметтік желідегі деректеріміздің жарнама берушілер мен үшінші тұлғаларға сатылуын қамтамасыз ететін Facebook, Instagram, Twitter және басқа да әлеуметтік желілер көңіл көтеру мен еркіндік сезімін сіңіре отырып, жеке адамдардың деректер өндіруін қандай ынталандырумен жалғастыратынын ойлап көрдік пе? Пайдаланушылар сурет, видео жүктеу, пікір жазу, «ұнату» әрекеттері арқылы әлеуметтік желілердің алып компанияларының жарнамадан түсетін кірісін арттыру үшін ұзақ түндер бойы тегін еңбек ететін жұмысшылары екенін білеміз бе?

Осылайша өндірілген өнім/ақпарат әр ғасырдағыдай капитал тарапынан қаналуда. Қанау дегеніміз – бірлесіп өндірілген игіліктің немесе ақпараттың бір бөлігін не тұтасын қанаушының өзіне иемденуі. Ақпараттық еңбек деп те аталатын материалдық емес еңбекті пайдаланатын компаниялар, фирмалар немесе брендтер «тегін» пайдалануды ұсына отырып, жарнама арқылы мазмұн жасайтын әлеуметтік желі пайдаланушыларына цифрлық мазмұнды өндіртеді, оның үстіне пайдаланушылардың жеке меншігі болып табылатын барлық жеке мәліметтерге заңды құқықтар да соларға тиесілі болады! Тек бағдарламаларын тегін пайдаланып, хат алмасу немесе байланыс орнату еркіндігімен шектелген өтеуге ғана…

Жаһандану қозғалысымен нақты әлемнен виртуалды әлемге болған осы ұлы көш толқынының нәтижесінде біздің цифрлық мигранттарымыз, алғашқы жергілікті цифрлық белсенділеріміз және өз шындығының түпкі нәтижесіне жеткен виртуалды мұһажырлар ретінде, «google» оларды өздеріне тән, дастанға айналған хикаяларымен тарих беттеріне енгізер ме екен? Цифрлық әлемнің ішінде туған жергілікті белсенділер виртуалды әлемнің шындық елесін бойына сіңіріп алғанда, цифрлық мигранттар жаңа өмір салттарында қандай да бір қиындыққа тап бола ма? Технологиялық құрылғыларымен күнделікті өмірін «жаңарта» алмайтын цифрлық мигранттардың жергіліктілердің заманауи қауымына (тайпасына) кіру үшін жасайтын күш-жігерінің жергіліктілер белгілеген қандай да бір әдісі бар ма? Тайпашылдықтың ықпалды күш екенін Y буынын қоса алғанда бәрі жақсы біледі. Ол тиесілілікті, бірегейлікті, отбасын, қауымдастықты, командалар мен ұлттарды тудырады, бірақ сонымен бірге кемсітушілікке, зорлық-зомбылыққа, соғыстар мен геноцидтерге де әкелуі мүмкін. Бренд тайпасы – бір брендті ұнататындар арасында құрылған әлеуметтік байланыстар желісіне негізделген, ерекшеленген, географиялық адалдықтың сері-рыцарлары…

Бүгінді өткенмен салыстырсақ, біз енді әлдеқайда ауқымды түрде қиратушы бола алатын және аса жоғары тәуекелдермен тұрғызылған Жаңа цифрлық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Аталған тәуекелдердің едәуір бөлігі – адамзаттың модернизациялану күресімен бірге капиталистік айналымда көбірек пайдаға ұмтылуының нәтижесі. Қазіргі өмір қалыптарының ажырамас тұтыну заттарына тәуелділіктің қаупі табиғаттың ластануынан гөрі, қоқыстан аяқ алып жүргісіз сана әлемінде өмір сүретіндердің санының күн санап көбеюінде. Жаппай қырып-жою қаруымен, ядролық қауіптермен және барған сайын өсіп келе жатқан кедейлікпен болашақта емес, дәл қазір бетпе-бет келуіміз қажет екені жөнінде тіпті ортақ пікірге де келген жоқпыз. Тіпті ешқандай ойымыз да жоқ, мұның ең ащы шындығы осы… Алайда мұндағы маңызды сұрақ – осы келеңсіздіктердің бәрін қалай ұғынуымыз керектігі және оларға қарсы ұстанатын көзқарасымыз қандай санаға сүйенуі тиіс екендігі.

Қысқасы, ойланатын дәл уақыт…

Түйінді сөздер: Цифрлық Тәуекел Технология