ШАРДЫҢ ӘЛЕМІНДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Бүгінгі әлемнің ең айқын анықтамаларының бірі – “Жаһандану”!
2002 жылы Кирения-Америка университетінің Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, профессор, доктор Тунджер Гүленсой сөздік қоры мен грамматикасы тұрғысынан аса бай тіл болып саналатын түрік тілінің тек мыңнан 5 бөлігін ғана меңгеретініміз туралы зерттеулерімен бөліскен еді. Түрік тілінде 78 мың негізгі сөз болғанымен, халықтың басым бөлігі күнделікті өмірінде орта есеппен 400-дей сөз ғана қолданатыны анықталғанын білдік. 78 000 негізгі сөзге қарсы 400 сөз! Бұл нәтиже біздің қаншалықты оқитынымызға, ойланатынымызға, талдау негізінде өмір салтымыздың қалай дамитынына назар аудартады.
Профессор, доктор Гүленсой сөзін былай жалғастырған:
”Жүргізген зерттеулерімізде әсіресе ауылдық жерлердегі адамдардың күнделікті тек 40-50 сөз ғана қолданатынына куә болдық. Тек негізгі сөздерінің саны 78 мыңға жететін және әлемдегі ең бай тілдердің бірі саналатын түрік тілін халықтың өте үлкен бөлігі шын мәнінде білмейді. Өйткені бұл үлкен топ орта есеппен 400-дей сөзбен қанағаттанады. Ал қалған сөздер мүлдем дерлік қолданылмағандықтан, тіпті жансызданып барады. Сондықтан сөйлеу қабілеті әлсіреген адамдар әңгімесінде (әлгі), (яғни), (ммм) сияқты дыбыс еліктеулерді мүлдем әдемі болмаса да жиі қолданады.”
Олай болса, осы жерден құрметті профессор, доктор Гүленсойға оның өзі білетініне сенімді сүйінші хабарды еске салайық. Жиырма-Жиырманың берекесі – ауылдық жерде анықталған 50 сөз бен үлкен топ қолданатын 400 сөзге қосылғандар. Енді күн ішінде кез келген адамның сөйлеген сөйлемінде жаһандық, жаһандану, жаһаншылдар, жаһандық топ және т.б. сөздерді естуге болады. Сонымен қатар пандемия, маска, әлеуметтік қашықтық, жаңа қалып, карантин, желіде, онлайн, қашықтан оқыту, өзара, үйдегі кеңсе, үйде қал, үйден жұмыс істе, үйден оқы, парадигма ауысты-ауысып жатыр, тайды-тайып барады…
“Жаһандану” сөзінен басқа сөздердің мағыналық баламаларын толық таба аламыз. Алайда маскамыздың жалғыз брендіне айналған жаһандық әлемнің мағынасын және ол арқалап жүрген сөздің түп-төркінінің ең қарапайым түсіндірмесін таба аласыз ба?
Тілімізге оралған сайын тамыр жайып, қоғамдық өмірдің барлық саласында бастапқы сөзге айналған “жаһандық” ұғымын шардың әлемінен үйренсек қайтеді? Шардың әлемін баяндайтын екі кітап бар: Әлем жазық / XXI ғасырдың қысқаша тарихы және Жазықелі.
Сұбханаллаһ! “Әлем домалақ емес пе еді? Жазық па, домалақ па, енді қайтадан ба…?” Сабыр етіңіз. Әлем пішіні жағынан әлі де домалақ, бірақ өмір салтымыз, санамыздың әлемі жаһандану деген атпен тегіс жазыққа айналып шыға келіпті!
Эдвин Э. Эбботтың жарық көрген күнінен бері өзектілігін еш жоғалтпаған “Жазықелі” шығармасы тіпті “Бізге не болып жатыр?” деген түйінді сұрағымызды талдау жұмыстарындағы ең мықты дереккөз деп айтуға болатын туынды.
Әйгілі ағылшын жазушысы Эдвин Эбботтың “Жазықелі” (Flatland) атты культ шығармасын бүгінгі күн тұрғысынан оқып, ой елегінен өткізудің пайдасы бар деп айта аламыз. Ол өте танымал ұстаз еді. Жүздеген шәкіртін көптеген салада білім алуға ынталандырған. Санскриттен химияға дейін, өмірін дінтану, латын және көне грек әдебиетіне арнаған, сонымен бірге танымал жазушы еді. Ол ойдан құрастырған хикаясында Жазықелідегі адамдардың екі өлшемдегі өмірі қандай екенін суреттеді. Және бұл адамдардың өз үңгірлерінде шынжырланып, яғни сана әлемінде тәндік сезімдерге шоғырланған күйде қалай өмір сүретінін баяндады. Өз шекарасы аясында үшінші өлшемді қабылдауға бағдарланған санаға ие болмағандықтан, олар үшбұрыштарды, шаршыларды немесе шеңберлерді көре алмайтын. Жазықелі халқы жазық бет үстінде өмір сүруге бағдарланған, осы болмыс бағдарламасының нәтижесінде биіктігі (тереңдігі) жоқ өмірге кесілген еді. Оның үстіне, олар өз әлеміне жоғарыдан да қарай алмайтын, өйткені олардың әлемінің “жоғарысы” жоқ еді. Бұл кітап Виктория патшайым дәуірін сынау мақсатында жазылған. Кітаптың түсіндірмесі бізге осындай сипатта жеткенімен, шын мәнінде ол өзінің жаратылыс ерекшеліктерін аңғара алмайтын адамдар туралы еді. Кітап біздің әлеміміз – көгілдір ғаламшарда санамыздың қабырғасына шынжырланып қалғандай, үңгір ішіндегі тіршілікті суреттейді.
Ол кітабын өз атымен емес, “шаршы” деген атпен жариялады. Өлшемдер арасындағы көзқарас айырмашылықтарын меңзейді. Әйелдің қоғамдағы орны туралы егжей-тегжейлер маңызды. Өлшемдер арасындағы әртүрлі көзқарастарды парадигма айырмашылықтары ретінде қарастыруға болады. Ол өзіміз туған парадигмаға қаншалықты құштарлықпен байланғанымызды ашық жеткізді. Өзгерістен кейін өмір сүруге мәжбүр болатын парадигманы қорқыныш пен ашу сезімімен қарсы алатынымызды түсінеміз. Ол – үш өлшемді ғаламда өмір сүретініне сенген адамзаттың бүкіл білгенін астаң-кестең ететін жазушы. Жазықеліде биіктік (тереңдік) жоқ. Яғни бәрі ені мен ұзындығынан ғана тұрады. Сонымен қатар оған қосымша уақыт өлшемі бар. Басқаша айтқанда, олар да дәл біз сияқты уақытқа бағынышты жандар. Шын мәнінде, тап-тақыр аппақ қағаз бетіне өз ойларымызды бір шетке қойып, өзіміздің жазықелімізді сызсақ, мәселені жақсырақ түсінуіміз мүмкін, бәлкім!
Жазушымыздың елдерімен аздап танысайық. Нүктеелде өлшем жоқ, өлшем саны нөлге тең. Ол – нүктелердің елі. Сызықелде бір ғана өлшем бар. Ол – түзу сызықтардың сызықтық елі. Жазықеліде екі өлшем бар. Ол – шаршылардың, шеңберлердің, үшбұрыштардың жазықтық елі. Кеңістікелде үш өлшем бар. Ол – текшелердің, призмалардың, шарлардың елі.
Негізгі тақырыбымыздың бұл кітапқа қандай қатысы бар деп сұрауыңыз мүмкін. Жазушымыздың шығармасы арқылы Жазықеліге, оның болмысы мен құрылымына жақындауымыздың себебі – кейіпкердің өміріне таңғажайып түрде енген шар. Кейіпкеріміз “Шарға” “Мәртебелі Лорд” деп жүгінеді. Мәртебелі Лорд бұл екі өлшемді жанға үшінші өлшемнің бар екенін түсіндіреді, тіпті оны бастан кешіртеді. Егер үш өлшемді ғалам мүмкін болса, төрт өлшемді, тіпті көп өлшемді ғаламдардың да болуы мүмкін екенін меңзейді.
Жазушының мәселесі – адам санасының шектеулілігі, адамның шектеулерге деген көзқарасы. “Егер шектеу жанның физикалық ерекшеліктеріне байланысты оның табиғатында болса, ол жан бұл шектеуді қалай еңсере алады? Көру қабілеті жоқ адамға түсті, есту қабілеті жоқ адамға музыканы қалай түсіндіре аламыз? Адам жарықтың немесе дыбыстың әртүрлі толқын ұзындықтарын қалай түсіндіре алады? Ол жанасу тәжірибесін игере алады. Ақыл тетігі зерделікке негізделген түсінікке ие бола алады… “Бірақ мұны бір бақты бірнеше секундқа болса да көрудің немесе Бетховеннің бір симфониясын естудің туғызатын түсіну деңгейімен ешқашан салыстыруға болмайды.” Айзек Азимов “Жазықелі” үшін жазған “Шектеулер” атты мақаласында осылай деп жазады. Өкінішке қарай, нәтиже күтілгендей емес! Кейіпкеріміз шекараларды (өз шекараларын) еңсеріп, ақиқатты бастан кешірудің орнына өлшемдер арасында сайран салуды таңдайды.
Сіздіңше, Жазықелі қайда? Қалыпқа түскен сана үңгірінде мұның не екенін түсіне аламыз ба? Алдын ала пікірлерге толы, қорқыныштармен шектелген сана үңгіріміздің қабырғасында оттың шағылыстырған мағлұматтарымен бе?
Енді еліміздің адамдары нәзік нәрселерге мән бермейді. Олар тіпті ең іргелі мәселелер жайында ойлаудан, тіпті негізгі ұғымдарға сұрақ қоюдан да қорқатын болды. Қорқыныштарын ашу киімімен бүркемелеуге тырысады. Біз ақылымыздан айырылдық, тек сенім бұрыштарында бойұсынумен жылынуды таңдадық.
Тоқтап, ойланып, сұрақ қоюға мүлдем уақытымыз жоқ па…
“Бізге тағы не болмақ?”
Түйін сөздер: Кирения-Америка университеті Түрік тілі мен әдебиеті Эдвин Эббот