Ресей, Түркия және Иранның бастамасымен Қазақстанның астанасы Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздер ұйымдастырылған түрік Rixos қонақүйінің ұйымдастыру жұмыстарына елеулі үлес қосқаны белгілі болды.
Sputnik агенттігіне сұхбат берген Rixos Astana қонақүйінің бас менеджері Тансел Терджан былай деді: “Келіссөздерге Ресей, Түркия, Иран, Сирия және БҰҰ, сондай-ақ Америка делегациясы да қатысты. Осы делегация үшін 50 бөлме дайындадық. Іс-шара 2 күнге созылды. Барлық қауіпсіздік шараларын Қазақстан тарапы ұйымдастырды.
Біздің қонақүйдің арнайы күзет қызметі де Қазақстанның қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсетті. Барлығы біздің бақылауымызда өтті. Іс-шараға дайындық 3 күн бұрын басталды. Залды әзірлеу, делегациялардың жеке кездесулеріне арналған бөлмелерді реттеу, баспасөз өкілдерінің еркін жұмыс істеуі үшін бөлмелер бөлу сияқты жұмыстар атқарылды. Әрине, мұның бәрі қауіпсіздік күштерінің арнайы бақылауымен жүргізілді. Әр жерді мұқият тексердік. Ауқымды қауіпсіздік шараларын қабылдадық.”
‘БІЗДІҢ ТІЛЕГІМІЗ – СИРИЯҒА БЕЙБІТШІЛІК ОРНАУЫ’
Терджан сөзін былай жалғастырды: “Тамақтану қызметтерімізді де ұсындық. Делегацияға күніне 3 мезгіл тамақ берілді. Қонақтарымызға қызмет көрсету үшін қонақүйдің бүкіл ұжымы жұмылдырылды. Іс-шара барысында тәулік бойы жұмыс істедік. Rixos President Astana 184 бөлмелік сыйымдылықпен 2005 жылы жұмысын бастады. Осы уақытқа дейін Қазақстанға келген жоғары лауазымды тұлғалар қонақүйіміздің қонағы болды. Олардың арасында мемлекет басшылары, премьер-министрлер, министрлер және басқа да белгілі тұлғалар болды.
Сондықтан біз кез келген хаттамалық жұмысқа дайынбыз. Осылайша Астана келіссөздеріне біз де өз үлесімізді қостық. Әлемдік бейбітшілік, тыныштық пен тұрақтылық жолындағы осындай іс-шараға қолтаңбамызды қалдырғанымызды мақтан тұтамыз. Бұрынғы атауы Ақмола болған Астана өркениеттер тоғысы, шығыстың күні, Азияның жүрегі ретінде танымал. Бұл – бейбітшілік қаласы. Астана Сирияға бейбітшілік орнауына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз.”
