Басты бет

CISACADEMIA

5.0 5G-ні түсінбеді!

Аңшылықтан басталған қоғамдық өмірдің егіншілік, өнеркәсіп кезеңдерінен өтіп, ең соңында ақпараттық қоғамға айналғанын білетінбіз. Біз өзіміздің «connecting people» екенімізді енді ғана аңғарып, оны әлі қорыта алмай жатқанда, 2016 жылдан бері жапондар «Қоғам 5.0» тақырыбы аясында зерттеп келе жатқан «Аса ақылды қоғам» коронавирустың күн тәртібін астаң-кестең етті.

«Қоғам 5.0 идеясы цифрландыру мен жасанды интеллект ықпалы жан-жақты бағаланатын, адамдардың машиналар мен роботтармен қарым-қатынасы, яғни заттар интернеті ретінде жанды-жансыз барлық заттардың интернет желісіне байланыстырылуы арқылы жаңа өмір салтын, қоғам моделін ұсынады. Аталған модель әл-ауқатты өмір сүретін, адамға бағдарланған қоғамды мақсат етеді.»

Қоғам 5.0-ге дейінгі кезеңдегі қоғамдардың даму сатыларын еске алмай тұрып, біз бастан өткеріп жатқан бұл күрт парадигмалық ауысуды түсіне алмаймыз.

Адамның есі ұмытшақтыққа бейім екені белгілі ғой.

Қоғам 5.0-ге дейін бізге пішілген өмір қандай еді? Өнеркәсіптік революцияның тарихи дамуы. «Өнеркәсіптік революция» термині өнеркәсіптегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік жүйелердің өзгерісін білдіреді. Бұл термин әсіресе еңбек жағдайларына, өмір сүру жағдайларындағы өзгерістерге және экономикалық байлыққа назар аударады. Өнеркәсіп саласындағы өзгерістер XVIII ғасырдың ортасында басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді әрі әлі күнге дейін аман қалу үшін бар оқ атар және өзге қаруын пайдаланып, қарсылық көрсетуде. Әлемге де ықпал еткен бұл өзгерістер Индустрия 1.0-ден 4.0-ге дейін төрт кезеңнен өтті, өзгерістердің бірде-біреуін ұнатпады, ақырында өзіне бір Ақылды вирус тауып алып, бұл іске түбегейлі нүкте қоюды қалады.

Әлем Германия бастамашы болған Индустрия 4.0-нің не екенін әлі түсінуге тырысып жатқанда, цифрлық технология саласында алдыңғы қатардағы Жапония Қоғам 5.0 философиясымен бірге этикалық және моральдық құндылықтар туралы пікірталастарын әлдеқашан аяқтап қойды. Әлі құлағымызға жетіп үлгермеген 6.0 жұмыстары, бәлкім, Жапония мектептерінде оқу бағдарламасының алғашқы бестігіне енген де шығар.

Қоғам 5.0 терминін алғаш рет қашан, қай жерде, қалай және кімнен естіген едік?  2016 жылғы қаңтарда Жапония үкіметінің Ғылым, технология және инновация кеңесінде Министрлер кабинеті қабылдаған «Ғылым мен технологияның бесінші негізгі жоспарында» қолданылды. Қоғам 5.0 киберкеңістік пен физикалық кеңістіктің (нақты қоғамның) жоғары деңгейде интеграцияланған «аса ақылды қоғамы» ретінде анықталғанда, біз оны қолымыздағы смартфондар деңгейінде ғана түсінген едік.

CeBIT 2017 ақпараттық технологиялар көрмесіне қатысқан Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ көрмеде Society 5.0 (Қоғам 5.0) философиясын «Технологияны қоғамдар қатер ретінде емес, көмекші ретінде қабылдауы тиіс» деген сенім негізінде әзірлегендерін айтып, көрмеден оралған соң Индустрия 4.0 революциясынан кейінгі жаңа кезеңді Токиода Қоғам 5.0 атауымен бастағанын естігенімізде, біз: «Олар бір бастасын, көрейік, кейін не екенін бәлкім түсінерміз. Түсінбесек те, көшіріп аламыз, өмір сүре жүріп, сүрініп-қабынып үйренеміз» деп, сол күннен бері күтумен келдік.

Міне, басынан өтпеген нәрсе қалмаған, күлінен қайта түлейміз деген үмітін коронавирустың шаңында сарқыған еліміз кеше «Ақылды қоғам» туралы хабарды ең ресми арнадан алды. Алды, сонда не болды?

Қоғам 5.0 тұжырымдамасы 2015 жылы Жапонияда стратегиялық ұлттық саяси бастама аясында пайда болғаны белгілі.

Қоғам 5.0 белгілі бір дәрежеде Индустрия 4.0-нің жалғасы болып табылады. Алайда мұндағы ең маңызды тұс мынада: Индустрия 4.0 технологияда өндіріске шоғырланса, Қоғам 5.0 өмір сапасын, әлеуметтік жауапкершілікті және тұрақтылықты жақсартуда Индустрия 4.0 тудырған нәтижелер мен технологиядан көбірек пайда алу арқылы адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Хаяси, Сасадзима, Такаянаги және Канамару Қоғам 5.0 арқылы Жапония үшін бірнеше түрлі жүйемен ынтымақтаса отырып жаңа құндылықтар жасау, деректер форматтары, модельдер, жүйе архитектурасы сияқты кейбір мәселелерде стандарттауға көшу және қажетті адами ресурстарды дамыту жоспарланғанын атап өтеді. Олар зияткерлік меншікті дамыту, халықаралық стандарттау, заттар интернеті жүйесімен бірге құрылыс технологиялары, үлкен деректерді талдау технологиялары, жасанды интеллект технологиялары және т.б. дамыту Жапонияның аса ақылды қоғамдағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп күтілетінін айтады.

Жапония іскерлік федерациясы Қоғам 5.0-нің мақсаттарын былайша белгілейді:

• Жеке реформаны жүзеге асыру арқылы жеке тұлғалардың әлеуетін арттыру: қарт адамдар мен әйелдерді қоса алғанда, әр адамның қауіпсіз түрде жайлы әрі салауатты өмір сүруі және өз өмір салтын жүзеге асыра алуы.

• Компаниялар реформасы арқылы жаңа құндылықтар жасау: цифрландыру және бизнес-модельдер реформасы арқылы өнімділікті арттыруды ынталандыру, инновация мен жаһандануды қолдау арқылы жаңа экономика мен қоғамды жүзеге асыру.

• Әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы жарқын болашақ құру: елдердегі халық санының азаюы, қоғамның қарқынды қартаюы және табиғи апаттар сияқты көптеген мәселелерді шешу үшін бай әрі қуатты болашақты жүзеге асыруға күш салу. Жаңа кәсіпорындар мен қызметтерді шетелге кеңейту арқылы жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешуге үлес қосу.

Екінші жағынан, Қоғам 5.0 мақсаттарын жүзеге асыруда еңсерілуі тиіс кейбір қиындықтар да бар. Бұл қиындықтардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз етуді біріктіру және жаңарту, бизнес желілерінің өзара үйлесімді жұмыс істеуі, нақты уақыттағы үдерістер мен қолданбалар тұрғысынан синхрондау және, ең бастысы, қауіпсіздік бар.

• Ұлттық стратегияларды қалыптастыру және мемлекеттік ақпарат беру жүйесін біріктіру,

• Озық әдістерді қолдануға бағытталған заңдарды әзірлеу,

• Білім базасын қалыптастыру,

• Барлық азаматтардың жаңа экономика мен қоғамға белсенді қатысуын қамтамасыз ету,

• Қоғамның озық технологиялармен интеграциялануын жүзеге асыру аса маңызды. Қорыта айтқанда, Қоғам 5.0-нің түпкі мақсаты — Индустрия 4.0-нің өндірістік және технологиялық әлеуетін іске қосу арқылы адамдардың өмір сапасын арттыру.

Қоғам 5.0 философиялық ұстанымы мен көздеген мақсаттары тұрғысынан адамзатқа аса маңызды үлес қосады. Осы жерге дейін мәселе жоқ. Тіпті бұл — өмірге үмітпен келген әр баланың арманы! Алайда жаһандық ынтымақтастықтар мен жаһандық шешімдер жапондардың ұлттық бастамасы ретінде әзірленген. Ең үлкен мәселе де осы жерде: әр қоғамның жергілікті құндылықтары мен жағдайлары екіншісіне қылдай да ұқсамайтындықтан, Қоғам 5.0 жобасын дайын, қолдануға болатын пакет ретінде қарастыруға болмайды. Қысқасы, ақылды көпқабатты үйлердің астында қалған, Қоғам 2.0-ге өту кезінде-ақ жанын тапсырып қойған қоғамның 5G-6G-ге өту туралы айтуы… Қоғам 5.0-ді пакет ретінде алармыз, көшірерміз де, бірақ оны жапсыратын қоғам таба аламыз ба?

Түйін сөздер: Аса ақылды қоғам Синдзо Абэ Жапония