Жалғыздықтың үнсіз зорлығы
Авторы: д-р Нурфер Терджан
Кейбір өлімдер шулы болады. Сиреналар естіледі. Адамдар жүгіреді. Жаңалықтар таратылады. Біреулер жауап талап етеді, біреулер қайғырады.
Ал кейбір өлімдер үнсіз болады.
Соншалықты үнсіз болады, бір адамның қайтыс болғанын білу үшін бірнеше күн, кейде одан да ұзақ уақыт өтуі керек.
Жапондардың мұны білдіретін тұла бойды түршіктіретін бір сөзі бар: Кодокуси.
Ең қарапайым мағынасында «жалғыз өлім».
Адамның өз үйінде, қасында ешкім жоқта қайтыс болуы және оның өлімі тек біраз уақыттан кейін ғана байқалуы… Алайда Кодокуси шын мәнінде өлімнен гөрі өмір туралы сөйлейді.
Өйткені негізгі сұрақ мынау:
Миллиондаған адам тұратын қалада; жүздеген адам өтетін көшеде; әр қабатында есікпе-есік кемінде екі отбасы тұратын, заманауи өмірдің көпқабатты, жоғары күзетілген, сыртқы қасбеті ең жақсы материалдармен жылытылған үйлерінің бірінде; мыңдаған цифрлық байланыстың дәл ортасында адам қалайша жоқтығы күндер бойы байқалмайтындай дәрежеде жалғызсырай алады?
Ғимараттарымызды суықтан, ыстықтан және сыртқы әлемнің шуынан қорғау үшін қабат-қабат оқшауладық. Қабырғаларымыз қалыңдады, есіктеріміз беки түсті, күзет жүйелеріміз жетілді. Бірақ өзіміз байқамастан адамды да адамнан оқшауладық.
Бәлкім, заманауи қаланың ең үлкен қайшылығы дәл осы жерде жасырынған шығар:
Үйлеріміздің жылу оқшаулағышын мінсіз еткен сайын көршілігіміздің жылуын жоғалттық. Бәлкім, біздің дәуіріміздің ең ауыр, бірақ ең көзге көрінбейтін зорлық түрлерінің бірі дәл осы жерден басталатын шығар:
Үнсіз зорлық.
Ешкім ешкімді ұрмайтын, ешкім ешкімге айқайламайтын, қоқан-лоқы жасамайтын; бірақ адамдар бір-бірінің өмірінен бірте-бірте шегініп кететін зорлық.
Есіктердің жабылуымен басталатын…
Телефондардың сирек шырылдауымен жалғасатын…
«Бір кезде кездесерміз» деген уәделердің ешқашан орындалмауымен ұлғаятын…
Және ақыр соңында адамның бар-жоғы арасындағы айырмашылықты қоғам сезбейтін халге жетумен аяқталатын зорлық.
Жалғыздық емес, жансыз-жақынсыз қалу
Жалғыздық пен жеке-дара қалу бір нәрсе емес. Адам кейде жеке-дара қалғанда өзін табады. Ойланады, оқиды, туындатады, ішкі әлеміне үңіледі. Философияның, өнердің, поэзияның және тәфәккурдің едәуір бөлігі осындай жалғыздықтан туған.
Мәселе жалғыз қала білуде емес, жансыз-жақынсыз қалуда. Өйткені жақынсыздық – тек айналаңызда адамдардың болмауы ғана емес.
Бұл – сізді ешкімнің іздемеуі. Сіздің үніңіздің басқа біреудің әлемінде жаңғырығы қалмауы. Бір таңда перделеріңізді ашпасаңыз, мұны байқайтын ешкімнің болмауы. Үш күннен бері телефоныңызға жауап бермесеңіз, есігіңізді қағатын бір қолдың болмауы.
Ал одан да ауыры, бәлкім, мынау шығар:
Біраз уақыттан кейін сіздің де ешкімнің есігін қақпауға үйреніп кетуіңіз.
Міне, сол сәтте жалғыздық жеке сезім болудан қалып, қоғамдық мәселеге айналады.
Болашақтың түпсіз шұңқыры
Болашақ туралы сөз қозғағанда жасанды интеллектіні, климат дағдарысын, соғыстарды, энергия көздерін, экономика мен технологияны талқылаймыз.
Алайда адамзаттың алдында үнсіз ұлғайып келе жатқан тағы бір шұңқыр бар:
Жалғыздық!
Оның үстіне бұл шұңқыр шу шығармайды.
Үнсіздікпен ұлғаяды.
Заманауи адам барған сайын тәуелсіз болғысы келеді:
Ешкімге мұқтаж болмау…
Ешкімге есеп бермеу…
Ешкімнің жүгін арқаламау…
Ешкімнің өз өміріне араласуына жол бермеу…
Бұлардың белгілі бір мөлшерде бостандықтың жетістіктері екені анық.
Алайда модерннің трагедиясы басқа жерден көрінеді: Біз тәуелсіздік пен байланыссыздықты шатастыра бастадық.
Азат болғымыз келгенде бір-бірімізден құтылуға тырысамыз.
Ал шындығында кейбір байланыстар адамды тұтқынға айналдырса, кейбір байланыстар адамды тірі ұстайды.
Ананың телефон соғуы…
Досыңның «Қайдасың?» деп сұрауы…
Көршінің есік қағуы…
Дастарқан басында сізге арналған орындық…
Біреудің сізді күтуі…
Бұлардың ешқайсысы технологиялық даму емес.
Бірақ, бәлкім, өркениет деп жүргеніміз дәл осылардың жиынтығы шығар.
«Ешкімге мұқтаж емеспін» деген жаңылыс
Біздің дәуіріміз бізге жалғыз өмір сүруді үйретіп қана қойған жоқ; өзгеге мұқтаж болмауды табыстың белгісіне айналдырды.
«Өз аяғыңнан тұр».
«Ешкімге мұқтаж болма».
«Өз мәселеңді өзің шеш».
«Ешкімге жүк болма».
«Күшті бол».
Бір қарағанда орынды көрінетін бұл сөйлемдердің артында байқаусыз өсіп келе жатқан өзге бір адам бейнесі бар: Мінсіз адам – ешкімге мұқтаж емес адам.
Алайда мұндай адам ешқашан болған емес.
Дүниеге келген сәттен бастап біреудің құшағына зәруміз.
Сөйлеуді өзгелерден үйренеміз.
Білімімізді алдыңғы ұрпақтардан аламыз.
Ауырғанда біреудің күтіміне мұқтаж боламыз.
Қартайғанда қайтадан өзгелердің мейіріміне жақындаймыз.
Ал қайтыс болғанда тіпті денемізді де өзгелер көтереді!
Адам өмірінің басы да, соңы да өзге адамдардың қолында.
Соған қарамастан өмірдің ортасында өзімізге оғаш бір ертегі айтамыз:
«Мен ешкімге мұқтаж емеспін».
Ал шындығында мұқтаж болу – кемшілік емес.
Мұқтаж болу – адам болудың шарттарының бірі.
Әл-Фарабидің қаласынан Кодокусидің қаласына
Дәл осы жерде әл-Фарабиді қайта оқу қажет.
Әл-Фарабидің қайырымды қала туралы ойында адам кемелдік пен бақытқа толықтай жалғыз өзі жете алатын жан емес. Адам өзге адамдарға мұқтаж; өзара көмек тек экономикалық қана емес, адамның болмысына қатысты қажеттілік.
Енді осы ойды бүгінгі мегаполистерге көшірейік.
Миллиондаған адам қатар өмір сүреді.
Бірақ қатар өмір сүру бірге өмір сүру дегенді білдірмейді.
Бір лифтіге мінеміз, бірақ бір-біріміздің атымызды білмейміз.
Бір дәлізден өтеміз, бірақ қай есіктің артында науқас қарттың жатқанын білмейміз.
Бір үйдің чатында жүздеген хабарлама жазамыз, бірақ үш күннен бері көрінбей кеткен көршімізді іздемейміз.
Бәлкім, болашақтың қалаларын зәулім ғимараттарының биіктігімен емес, мына сұрақпен өлшеуіміз керек шығар:
Бір адам жоқ болып кеткенде қала оны қанша уақытта байқайды?
Бәлкім, өркениет үшін бұдан асқан сілкіндіретін өлшем жоқ шығар.
Ибн Хальдун: Бір нанды да жалғыз өндіру мүмкін емес
Ибн Хальдун адам қауымдастықтарын түсіндіргенде адамның өмірін жалғыз өзі жалғастыра алмайтыны туралы ақиқаттан бастайды.
Адам жейтін бір нанның өзін де жалғыз өндіру мүмкін емес.
Біреу дән өсіреді.
Біреу жер жыртады.
Біреу өнімді тасиды.
Біреу ұн тартады.
Біреу қамыр илейді.
Біреу пешті жағады.
Дастарқандағы кішкентай бір үзім нанның артында да көзге көрінбейтін адамдар тізбегі тұр.
Олай болса, «Мен ешкімге мұқтаж емеспін» деген сөйлем тек психологиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтанулық тұрғыдан да үлкен елес.
Барлығымыз бір-біріміздің көзге көрінбейтін еңбегіміздің үстінде өмір сүреміз.
Өркениет – қажеттіліктерімізді бір-біріміздің барлығымызбен толықтыра білу өнері.
Алайда заманауи қала бұл өзара тәуелділікті көзге көрінбейтін етіп жіберді.
Нанды көреміз; диқанды көрмейміз.
Тапсырысты көреміз; оны жеткізген адамды көрмейміз.
Қартты үйде көреміз; оның тағдырын білмейміз.
Адамдарды барған сайын болмысымен емес, атқаратын қызметімен танимыз.
Осылайша қоғам бірте-бірте адамдар қауымдастығынан қызметтер желісіне айналуда.
Бақылау көбейді, қамқорлық азайды
Бұрын көрші күнделікті өмірдің үнсіз куәгері болатын.
Таңертең пердеңіздің ашылғанын көретін.
Кешке шамыңыздың жанбағанын аңғаратын.
Ауырып қалсаңыз, есігіңізді қағатын.
Бүгін күзетілетін тұрғын үй кешендерінде тұрамыз.
Камераларымыз бар.
Цифрлық құлыптарымыз бар.
Ақылды есіктеріміз бар.
Бейнедомофондарымыз бар.
Бірақ кейде бізді шынымен көретін ешкім жоқ.
Біздің дәуіріміздің қайшылығы, бәлкім, бір ғана сөйлемге сыяды:
Бақылау көбейді, қамқорлық азайды.
Барлық жерде камера бар, бірақ бір-бірімізге азырақ қараймыз.
Телефонымыз қайда екенімізді біледі.
Алгоритм қандай музыканы жақсы көретінімізді біледі.
Банк не сатып алғанымызды біледі.
Әлеуметтік желі қандай адамдарға қызығатынымызды біледі.
Бірақ көрші пәтерде тұратын адам біздің үш күннен бері үйден шықпағанымызды білмейді.
Біз туралы деректер барған сайын көбейіп жатқанда, бізді шын танитын адамдардың саны азаюы мүмкін.
Мыңдаған жазылушы, қағылмаған бір есік
Адамның мыңдаған жазылушысы болуы мүмкін.
Күн сайын таңертең жүздеген адамның өмірін көре алады.
Ондаған чатта бола алады.
Суреті жүздеген рет ұнатылуы мүмкін.
Бірақ ауырып қалғанда есігін қағатын бір адамы болмауы мүмкін.
«Желіде» болу мен біреудің өмірінде болу бір нәрсе емес.
Жүрек эмодзиі – иыққа қойылған қол емес.
«Тезірек жазыл» деген хабарлама – есікті қағу емес.
Жазылушы – дос емес.
Хабарландыру – есте қалу емес.
Алгоритм сізді күн сайын еске алса да, бұл бір адамның сізді іздегенін білдірмейді.
Өзіміз таңдаған жалғыздықпен бетпе-бет келу
Алайда барлық кінәні технологияға, қалаға немесе заманауи өмірге арта салу – оңайға жүгіну болар еді.
Біз анағұрлым мазасыз сұрақпен бетпе-бет келуіміз керек:
Жалғыздықтың бір бөлігін өзіміз тұрғызып жатқан жоқпыз ба?
Достық қалаймыз, бірақ достыққа уақыт бөлгіміз келмейді.
Отбасы қалаймыз, бірақ төзгіміз келмейді.
Сүйілгіміз келеді, бірақ өзгенің жүгін арқалағымыз келмейді.
Түсінілгіміз келеді, бірақ тыңдауға шыдамымыз азаюда.
Есте қалғымыз келеді, бірақ хабарласпаймыз.
Ынтымақ қалаймыз, бірақ өміріміздің шекарасына ешкімнің тиісуін қаламаймыз.
Содан кейін сұраймыз: Біз неге соншалықты жалғызбыз?
Бәлкім, бетпе-бет келуден қашатын ақиқатымыз мынау шығар: Болашақтың түпсіз шұңқырына бізді тек итеріп қана жіберген жоқ; оның кейбір тастарын өз қолымызбен қаладық.
Жалғыздық бір күнде басталмайды
Кодокусидің ең түршіктіретін тұсы – өлім емес.
Өйткені өлім – соңғы көрініс.
Хикая одан әлдеқайда бұрын басталған.
Бәлкім, жылдар бұрын бір телефон соғылмаған шығар.
Бір достық назардан тыс қалған.
Бір отбасылық байланыс тәкаппарлыққа жеңілген.
Бір адам «мазаламайын» деп шегінген.
Екіншісі «қалай болса да өзі хабарласар» деп күткен.
Өмірдің ұсақ немқұрайдылықтары уақыт өте келе үлкен үнсіздіктерге айналған.
Жалғыздық көбіне драмалық түрде келмейді.
Ол миллиметрлеп келеді.
Алдымен дастарқаннан бір орындық азаяды.
Сосын телефон кітапшасынан бір есім.
Сосын мерекелерде хабарласатын біреу.
Сосын «Қалайсың?» дейтін біреу.
Ақыр соңында адам өз үнсіздігіне үйреніп кетеді.
Бәлкім, ең қауіпті кезең осы шығар:
Жалғыздықтың енді жалғыздық ретінде сезілмеуі.
Үнсіз зорлықтың кінәлісі кім?
Сонымен бұл зорлықтың кінәлісі кім?
Мемлекет пе?
Қала ма?
Экономикалық жүйе ме?
Технология ма?
Отбасы ма?
Жеке адам ба?
Бәлкім, бәрі де аздап.
Бәлкім, ешқайсысы жеке-дара емес.
Өйткені үнсіз зорлықтың ең қорқынышты тұсы – оның көбіне айқын кінәлісінің болмауы.
Ешкім ол адамның жалғыз қалуын қаламаған.
Ешкім оны саналы түрде тастап кетпеген.
Барлығы жай ғана сәл бос емес.
Біреудің жұмысы бар.
Біреудің жиналысы.
Біреудің баласы.
Біреудің мансабы.
Біреудің өз мәселесі.
Әркімнің әбден орынды себептері бар.
Бірақ осы орынды себептердің жиынтығынан кейде сұмдық нәтиже шығады:
Жансыз-жақынсыздық.
Заманауи қоғамның моральдық тұйығы, бәлкім, осы жерден басталатын шығар: Жеке-дара ешкім кінәлі емес әлемде қоғам ретінде бәріміз жауапты бола аламыз ба?
Спиноза: Кейбір адамдар бізді өмірге еселейді
Барух Спиноза адамды әлемнен ажыраған, тұйық арал ретінде қарастырмайды. Адам кездесулердің ішінде өмір сүреді; кейбір кездесулер біздің өмір сүру және әрекет ету қуатымызды арттырса, кейбірі азайтады.
Мұны бүгінгі жалғыздыққа көшіргенде терең бір қорытынды шығады: Кейбір адамдар бізді өмірге еселейді.
Досыңмен жарты сағаттық әңгіме…
Ұстаздың шәкіртіне айтқан бір ауыз сөзі…
Баланың қарт адамның қолынан ұстауы…
Көршінің есік қағуы…
Біреудің ешбір себепсіз «Сені ойладым» деуі…
Бұлардың экономикалық құнын есептеу мүмкін емес.
Жалпы ұлттық өнімде баламасы жоқ.
Биржада бағасы жоқ.
Өнімділік кестелерінде көрінбейді.
Бірақ адам өмірінің нағыз капиталы, бәлкім, дәл осылар шығар:
Кездесулер.
Өйткені кейбір адамдар жанымыздан өтіп кетеді.
Ал кейбірі болмысымызды арттырады.
Жалғыздықтың жаңа әдебі
Бәлкім, бұдан былай моральды тек «жамандық жасамау» тұрғысынан ғана талқыламауымыз керек шығар.
Ешкімді өлтірген жоқпын.
Ешкімді алдаған жоқпын.
Ешкімнің ақысын жеген жоқпын.
Ешкімге зиян келтірген жоқпын.
Әрине, мұның бәрі маңызды.
Бірақ жеткілікті ме?
Бәлкім, біздің дәуіріміздің әдебіне басқа сұрақтар қосуымыз керек шығар:
Кімнің жалғыздығын байқадым?
Кімнің үнін шын тыңдадым?
Кімнің жоқтығын аңғардым?
Кімнің есігін қақтым?
Кімнің өмірінде тек өзіме керек болғанда ғана емес, ешбір қайтарым күтпестен болдым?
Өйткені ізгілік тек жамандық жасамау емес.
Кейде ізгілік – сол жерде болу.
Болашақтың ең үлкен сән-салтанаты
Жақын болашақта технология көптеген қажеттіліктерімізді өтей алады.
Жасанды интеллект көмекшілеріміз болуы мүмкін.
Жүргізушісіз көліктеріміз болуы мүмкін.
Роботтарымыз тамақ әзірлей алады.
Үйлеріміз денсаулығымызды қадағалай алады.
Сағатымыз жүрек ырғағымызды өлшей алады.
Тоңазытқышымыз таусылған азықты өзі тапсырыс бере алады.
Бірақ бұл технологиялардың бәрі бір нәрсені өндіре алмайды:
Бір адамның өз еркімен өзге адамға бөлген уақытын.
Өйткені уақыт – адамның қайтарып ала алмайтын жалғыз байлығы.
Біреудің сізге екі сағатын беруі – шын мәнінде өз ғұмырынан екі сағат беруі.
Бәлкім, болашақтың нағыз байлығы иелігіміздегі заттардың санымен емес, екі қарапайым сұрақпен өлшенетін шығар:
Телефоныңыз өшіп қалса, есігіңізді қағатын неше адам бар?
Ал ең бастысы: Сіз неше адамның есігін қағасыз?
Өркениет сынағы
Бәлкім, қалаларды енді тек жан басына шаққандағы табыспен, метроның ұзындығымен, зәулім ғимараттардың санымен, интернет жылдамдығымен және технологиялық инвестициялармен ғана өлшемеуіміз керек шығар.
Басқа көрсеткіштерді де ойлауымыз керек:
Бір қарт қанша күнде бір рет басқа адаммен бетпе-бет сөйлеседі?
Бір бала аптасына неше рет отбасымен бір дастарқан басына отырады?
Бір үйде тұратын адамдар бір-бірінің атын біле ме?
Бір адам ауырып қалса, мұны байқайтын неше адам бар?
Ал, бәлкім, бәрінен маңыздысы:
Бір адам қайтыс болғанда, оның жоқтығы қанша уақытта байқалады?
Кодокуси өркениеттің алдына міне осы сұмдық сызғышты қояды.
Қоғамның технологиялық дамуы – бір басқа.
Адами дамуы – бір басқа.
Соңғы есік
Болашақтың адамын елестетіп көріңіз.
Аса білімді.
Экономикалық тұрғыдан тәуелсіз.
Технологиямен қоршалған.
Әлемнің бүкіл біліміне бірнеше секундта қол жеткізе алады.
Мыңдаған цифрлық байланысы бар.
Бірақ кеш түскенде үстелінде жалғыз тәрелке тұрады.
Телефон экранында жүздеген есім бар, бірақ хабарласатын ешкімі жоқ.
Денсаулық қосымшасы жүрек соғысын қадағалайды, бірақ жүрегінің неге ауырлап тұрғанын сұрайтын ешкім жоқ.
Және бір күні жүрегі тоқтайды.
Ақылды үй жұмысын жалғастыра береді.
Интернет қосулы.
Шоттар автоматты түрде төленеді.
Алгоритмдер деректер өндіруді жалғастыра береді.
Қала сыртта бар қарқынымен ағып жатыр.
Бірақ ішінде енді бір адам жоқ.
Және мұны ешкім байқамайды.
Бәлкім, Кодокусидің бізге айтатын ең ауыр нәрсесі осы шығар:
Болашақта адамзат кезігуі мүмкін ең үлкен қауіп өлім болмауы мүмкін.
Бір адамның өлімі ешкімнің өмірінде бос орын қалдырмауы мүмкін.
Міне, сонда жалғыздық жеке қасірет болудан қалады.
Өркениет дағдарысына айналады.
Бәлкім, болашақтың ұлы апаты машиналардың адамға айналуы емес шығар.
Адамдардың бір-біріне қатысты машинаға айналуы болар.
Бүкіл әлемді бір-бірімен байланыстыра алдық.
Енді өзімізге әлдеқайда қиын сұрақ қоюымыз керек:
Адамды адаммен байланыстыра алдық па?
Оның жауабы, бәлкім, технологиялық компаниялардың серверлерінде емес, көптен бері қақпаған бір есіктің артында шығар.
Өйткені кейде өркениетті қайта құру үшін ұлы манифестердің қажеті жоқ.
Бір телефон соғу жетеді.
Бір орындықты тартып қою жетеді.
Дастарқанға тағы бір тәрелке қою жетеді.
Көптен бері хабарласпаған бір адамға хабарласу жетеді.
Бір есікті қағу жетеді.
Және, бәлкім, адамзат бүкіл технологиялық салтанатының ортасында екі сөздің мағынасын қайта еске түсіруге мәжбүр шығар:
«Мен осындамын».
Бірақ бұдан бұрын тағы бір сұрақ қоюымыз керек:
«Сен әлі де сондасың ба?»
Өйткені қоғамның шынайы күйреуі адамдардың өлуімен басталмайды.
Бір-бірінің жоқтығын енді байқамай қалуымен басталады.
Желді қаланың көгінен жазбалар
https://www.5gvirusnews.com/yazarlar/kodokushi-gelecegin-dipsiz-cukuru-h1953.html
