Басты бет

CISACADEMIA

Өмірдің болашағы қайда?

Өмір болашағы институты – “Future of Life Institute” – Бостон өңірінде адамзат бетпе-бет келіп отырған экзистенциалдық қатерлерді, әсіресе дамыған жасанды интеллекттен туындайтын экзистенциалдық қатерді азайту үшін жұмыс істейтін коммерциялық емес ғылыми-зерттеу институты және қайырымдылық ұйымы.

Негізін қалаушы топ бір күні үйлерінің қонақ бөлмесінде достарымен кофе ішіп отырып, технологияның бұрын-соңды болмаған дәрежеде өмірді жеңілдетіп, жетілдіруге немесе өмірді жойып жіберуге әлеуеті бар екенін талқылай бастайды. Олар технологияның бұл қуатын игі мақсатқа бағыттау керек, бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажет деп ойлайды. Технологияның үнемі артып келе жатқан қуатын теріс пайдалануға қатысты алаңдаушылықтарға байланысты бірдеңе істеу керек деп шешеді де, екінші шыны кофесін ішуге де үлгермей, іске кіріседі. 2014 жылдың көктемінде өткен осы кездесудің үй иесі ретінде кофе демдеген Макс Тегмарк пен жұбайы Мейя физик досы Энтони Агирреді, Гарвард докторанты Виктория Краковнаны және Skype негізін қалаушы Яан Таллинді осы сапарға қосылуға көндіреді.

Бостон сияқты керемет зияткерлік ортада болғандықтан өздерін өте бақытты санаған ерлі-зайыптыларға кейін көптеген белгілі тұлғалар да кеңесшілер құрамына ерікті түрде қосылады. Ұйымның алғашқы жиынын да тағы өз үйлерінің қонақ бөлмесінде идеалист 30 студент пен академиктен тұратын топпен өткізеді. Бұл жиында олар технологиямен бірге адамзаттың болашағы қандай болуын қалайтынын және ол үшін қандай қадамдар жасау керектігіне қатысты мәселелерді күн тәртібіне топтастырады. Күн тәртібіндегі тақырыптар: ядролық қарулар, биотехнология, климаттың өзгеруі сияқты… Бірақ басты мақсат – жасанды интеллект пен қауіпсіздік зерттеулеріне назар аудару. Жиынның соңында Нобель сыйлығының иегері Фрэнк Вильчек – MIT физигі – кварктардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіре отырып, мәселеге назар аудару үшін пікір мақаласын жазуды ұсынады. Кейін Макс Тегмаркпен бірге Стюарт Рассел мен Стивен Хокингке хабарласып, оларды да осы мақаланың авторлығына тартады. Мақала “The Washington Post” сияқты басылымдардан талай рет бас тарту жауабын алады. Кейін Huffington Post блогында жарияланған бұл мақала бұқаралық ақпарат құралдарында бірден орасан зор әсер туғызады. Илон Маск, Билл Гейтс сияқты технология көшбасшыларының қолдауына ие болған бұл тақырып Өмір болашағы институтының “Future of Life Institute” келесі мақсаттарын да айқындайды. Осы орайда олар ӨМІР БОЛАШАҒЫ ИНСТИТУТЫНЫҢ құрылғаны туралы алғашқы ресми хабарландыруды да жасайды.

Мақсаттарын былай деп білдіреді: “өмірдің болашақта да жалғасуына кепілдік бергіміз келеді.”

Швед-американдық космолог Макс Тегмарк 2017 жылы “Өмір 3.0. Жасанды интеллект дәуірінде адам болу” (“Life 3.0: Being Human in the Age of Artificial Intelligence”) деген атпен әлемнің болашағына қатысты барлық алаңдаушылығын кітап етіп шығарады. Кітапта жасанды интеллекттің жер бетіндегі адам өмірінің болашағына ықпалы туралы зерттеулер, оның қоғам үшін ықтимал салдары (жағымды да, жағымсыз да), нәтиженің оң болу ықтималдығын барынша арттыру үшін қабылдай алатын шараларымыз бен үйлесімдер, сондай-ақ ықтимал болашақ сценарийлері ең егжей-тегжейлі түрде талданады. Автордың кітаптағы бастапқы мақсаты – жасанды интеллект дәуірінде адамның орны қайда болуы мүмкін екенін зерттеу. Жасанды интеллект дәуірінде адам болу деген не? Кітапта ықтимал сценарийлер мен олардың әкелетін салдары жан-жақты баяндалады.

Ықтимал жасанды интеллект сценарийлерінің ішінде бізге қызметші болатын алуан түрлілік пен гибридті тәсілдер де бар, сондай-ақ бізді басқаратын тәсіл де сөз етіледі. Жасанды интеллекттің дамуы қаншалықты тартымды болса да, сақ болуымыз керектігі туралы ескертулерге толы беттерді қайта-қайта оқи аласыз. Кітап біздің өзімізден ақылдырақ болмысқа ешқашан кезікпегенімізге, алайда мұны өз қолымызбен жасап шығаруымыздың ықтималдығы жоғары екеніне де назар аударады. Бұл тақырыптар бойынша ең білікті мамандардың «Өмір 3.0» кітабы осы уақытқа дейін жазылған ең терең зерттеу деген пікірлеріне де кезігесіз.

Тегмарктың кітабы адам өмірін пайда болған кезінен бері үш түрлі күйге бөліп қарастырады.

Адамзаттың үш сатысы

Тегмарктың «Өмір 3.0» деп аталған кітабының атауы ол адамзаттың үшінші әрі қазіргі сатысы деп жіктеген кезеңді, яғни жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар бір күні өздерінің ішкі құрылымын қайта жобалай алатын компьютерлерді қамтуы мүмкін болашақты қалыптастыра бастағанын білдіреді. Ол аппараттық бөлікпен қатар, біз бұрын ашқан тәсілдермен оқуды да меңзейді.

Сондықтан кітаптың ең басында технология адам ақылынан әлдеқашан озып кеткен және кең таралуымен қоғамды өзгерте бастаған сценарий бар.

Ол өзінің күрделілігін және өзін-өзі көшіру қасиетін сақтай алатын үдеріс ретінде анықталған өмірді үш сатыда сипаттайды: “Егер бактериялар Өмір 1.0, ал адамдар Өмір 2.0 болса, тышқанды 1.1 деп жіктей аламыз. Бағдарламалық және аппараттық бөлігі эволюция арқылы дамитын биологиялық саты (1.0), бағдарламалық бөлігін (оқу арқылы) жобалай алатын мәдени саты (2.0) және аппараттық бөлігін де жобалай алатын, өз тағдырының иесі болған технологиялық саты (3.0).”

Автоматтандырудың арқасында әл-ауқатымызды арттыра отырып, адамдардың жұмыссыз және мақсатсыз қалуының алдын қалай аламыз? Балаларымызға мансап жөнінде қандай кеңес беруіміз керек? Болашақтағы жасанды интеллект жүйелері істен шықпай, қателеспей немесе бұзып-жарылмай, біздің қалағанымызды орындай алуы үшін оларды қалай одан әрі күшейте аламыз? Өлтіретін автономды қару жүйелеріндегі қарулану жарысынан қорқуымыз керек пе? Машиналар уақыт өте келе әр салада бізден озып, жұмысымызды, тіпті ғаламшардағы орнымызды тартып ала ма? Жасанды интеллект өмірдің бұрын-соңды болмаған түрде өркендеуіне көмектесе ме, әлде бізге басқара алатынымыздан да зор күш бере ме?

Сіз қандай болашақты қалайсыз? Автор бұл кітаптың біздің заманымыздың бәлкім ең маңызды пікірталасына қатысуға мүмкіндік беретінін де жазған. Барлық көзқарастарға орын бере отырып, суперинтеллект, мән-мағына, сана және ғаламдағы өмірдің физикалық шектері сияқты ең түбегейлі тақырыптарды қозғаудан тартынбаған.

Машиналану арқылы тарихтан бүгінге дейін адамзаттың табиғатпен және бір-бірімен күресі жылдам өзгеріп жатқанда, бір шыны кофе ішетін уақыттағы жиындарда өмір институттары құрылып жатқанда біз қайда едік? Технология тарихтың әр кезеңінде адам өміріндегі күтпеген өзгерістерді әрбір жасушамызға терең сіңіріп жатқанда, неге ешқашан ойланбадық? Бүгін жеткен осы нүктеде, шиеленіскен түйінге айналған жағдайдың күрделілігіне қатысты шешім, әдіс, жүйе үшін іске кірістік пе? Әлде алыстан әлеуметтік желілерде мін тағу бізге оңайырақ па? Жиырма Жиырманың Жаңа қалыпты жағдайына дейін ойланбаған цифрлық өмір үстімізге үйіліп келе жатқанда, бізге берілген Ақылымызды да смартфонымызға, ақылды тұрмыстық техникамызға жүктеп қойдық па екен, енді оны жұмсай алмайтын халге жеттік пе?

Эрвин Шрёдингер “Менің ойымша, біз кемелдік жолын жоғалту қаупінде тұрмыз” дегенде, тек машиналардың ойлай алуы туралы ғана емес, шектен тыс машиналану салдарынан адам ойының азғындайтынына қатаң назар аударуға тырысты ма? Тьюринг тесті арқылы көзделген ойлайтын машинаның дамуы адамзат ретіндегі ой-өрісіміздің дамуын тауысып тастамайтынына қалай сенімді бола алдық? Өз ойлау қабілетіміздің мұқалуына жол бермейтін зерттеулеріміз қайда? Біз жеткен осы нүктеде, мін тағудан, орынды-орынсыз айыптаудан гөрі идея мен шешім ұсыну үшін бір жол таңдау …

Ойлайтын қоғам үшін іске кірісетін нақ уақыт!

Түйін сөздер: Жасанды интеллект Технология Институт