Басты бет

CISACADEMIA

Олар уәделерінде тұрды

Енді “ештеңе бұрынғыдай емес”!

Кеше кешеде қалды, бүгін біз мүлде бейтаныс жаңа бір кешеге ояндық. Шынын айтқанда, жалпақ әлемдегі қоғам мүшелерінің бостандығы деген нәрсе туралы сөз қозғаудың өзі енді мүмкін емес.

Бетімізге, көзімізге жапсырған жаһандық брендті бетперде, ойдан құрастырылған ғылымның құрылымы бүгін жалпақ әлемге шынжырланған блок құлпын қайта ешқашан ашылмастай етіп салды. Құлыптың брендін де бірден еске алайық: “Blockchain”!

Сана үңгірімізің қабырғасына түскен көлеңкелерді бейнелейтін, қолымызға жабыстырып қойған телефон, қабырғамызға ілген теледидар… Күлкіден ішегіміз қатқан планшеттегі youtube-тың көлеңке ойындарын тамашалаған жан көре алмады, тыңдаған түсіне алмады, естіген айта алмады.

Бүгіннен бастап олар тағы да жалпақ жалған дүниенің халқына, беттерінде сыпайылық бетпердесі, қолдарында қорқыныш таяғымен, үйлеріңізге шынжырланыңыздар, яғни үңгірлеріңізге қайтыңыздар деді. Айтпақшы, ең дағдарысты экономиканың басшыларының қолымен үңгіріміздің төбесін тесуді де ұмытпады. Нанымызды күн сайын төбемізден тастап тұруға да уәде берді. Қалай дейсіз бе? Қызмет көрсетуде шек білмейтін цифрлық Лордтардың онлайн сервисі арқылы… Үңгірде қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. “Қызуыңыз көтерілсе, білегіңіздегі білезік бізге хабар береді, еш алаңдамаңыз, жедел жәрдем топтары төбедегі тесіктен дереу ұшып келеді” деп кепілдік те берді. Осының бәрінің орнына бізден не күтілетінін түсіндіруді де ұмытпады: “The Great Game-нің үшінші маусымының The Great Reset сериясы аясында жаңа кезеңдегі сериалыңыз іске қосылғанға дейін – БАҒЫНЫҢЫЗ!”

Бұл жағдайды жақсырақ түсіну, білу үшін амалсыз Платонның үңгір метафорасына жүгіндік.

Меніңше, жаһандық Лордтардың да өз жүйелерінде негізге алғаны – Платонның осы әйгілі үңгір метафорасы.

Ал Платонның үңгір аллегориясы деген не?

Үңгір аллегориясы Платонның «Мемлекет» атты шығармасының жетінші кітабында кездеседі. Үңгір аллегориясында ол бейнелер мен теңеулер арқылы бізге мемлекеттің мінсіз билеушісін, яғни философтарды суреттейді. Бір үңгірде туған сәтінен бастап тұтқында отырған бір топ адам артына қарай алмайтындай, тіпті мойындарын оңға-солға бұра алмайтындай етіп шынжырланған. Арқалары үңгірдің кіреберісіне қарап тұрғандықтан, олардың сыртқы әлем туралы ешқандай мағлұматы жоқ. Олардың әлемі үңгірде көре алатын қабырға мен қабырғаға түскен көлеңкелерден, ести алатын жаңғырықтардан ғана тұратындықтан, сенетін әлемінде бұлардан басқа болмыс жоқ. Олар көлеңкелер мен жаңғырықтарды шындық деп ойлап, бұлардан өзге шындықты елестетіп те көрмеген. Бір күні тұтқындардың бірі шынжырын босатып, үңгірден шығуға қол жеткізеді. Үңгір жердің тереңінде орналасқан, шығатын жерге жету үшін біраз жоғары өрмелеу керек. Ол үңгірден шығып үлгереді. Күнмен алғаш рет бетпе-бет келгендіктен, көзі қатты әсерленіп, ауырсынады және уақытша соқыр болып қалады. Күнге үйренгеннен кейін соқырлығы басылып, айналасын көре бастайды. Алғаш рет бір бағытқа емес, барлық бағытқа қарайды. Осы уақытқа дейін сенген жалғыз шындығы шын мәнінде арттарындағы оттың алдынан өтіп бара жатқан адамдар мен олар көтеріп жүрген заттардың көлеңкесі екенін түсінеді. Шынайы әлемді көріп, айналасындағының шын екенін, ал көлеңкелердің тек бейне ғана екенін ұққаннан кейін, бұл жағдайды үңгірде әлі де шынжырда отырған тұтқындарға айтып беру үшін барады. Үңгірге кіргенде ол енді үңгірдің күңгірт ортасына үйренбегенін, қабырғаға түскен көлеңкелерді бұрынғыдай анық көре алмайтынын байқайды. Тұтқындарға болған жайды баяндағанда, оны ешкім түсінуге тырыспайды, олар оны енді ақымақ әрі соқыр болып қалды деп ойлайды. Олар үшін жалғыз шындық – қабырғаға түскен көлеңкелер. Сондықтан олар шынжырын үзіп, сыртқы әлемді көрген адамға сенбейді, тіпті сыртқы әлем оны аздырған деп ойлайды да, шынжырды үзуге, үңгірден шығуға қатты қарсылық білдіреді.

Бұл қабырғадағы бейнелер және осы бейнелердің пайда болуына себеп болатындар – жалпақ әлемнің Лордтары көтеріп жүрген заттар. Ондағы от болса, осы әлемнің жұмыс істеуінің негізгі қайнар көзі ретінде бейнеленген.

Адамдар көтеріп жүрген заттар біз білетін мағынадағы қабылдау нысандары емес, ол заттар жалпақ әлемнің жұмыс тәртібі мен жасандылығын меңзейді. Көтеріліп жүрген нәрселер – қоғамды қалыптастыратын дәстүрлер мен идеологиялар, яғни әр дәуірдің ойдан құрастырылған көрінісі. Нәтижесінде адамдар ойлана бастағанда, сұрақ қоя бастаған кезде, үңгірде отырғандарын аңғарады. Бұрын жалғыз шындық деп санаған ұйғарымдарының шын мәнінде тек бейнеден ғана тұратынын ұғынады.

Бұл уақытша соқырлық жолынан адасқандықтың, абдыраудың күйін бейнелейді. Күннің жарқылына біртіндеп үйренгенде, олар жерге қарап, айналасындағы заттардың көлеңкесін көреді. Алдымен бейнені, кейін көздері үйренгенде айналасындағыларды көре алатын күйге жетеді. Бар нәрсенің бәрінің және көруімізді мүмкін ететін бастаудың күн екенін ақыр соңында біледі. Келген үңгірін ойлағанда, ішінде әлі де шынжырына байлаулы адамдар бар екені де бірден ойларына оралады.

Ендеше, өзгерген жалпақ әлемнің тәртібін осы метафора арқылы да түсінуге тырысып көрейік, не дейсіздер? Таңдау кімдікі, бостандық цифрлық кісендермен бе?

Олар уәделерінде тұрды: “енді ештеңе бұрынғыдай болмайды”…