
Дамып келе жатқан технология бұқаралық ақпарат құралдарын неғұрлым тиімді әрі кеңірек пайдаланудың жолын барған сайын аша түсті, енді оның алдын алу мүмкін емес, ол ешбір тосқауыл білмейтін күйге жетті.
Медианың ең күшті «зәкір» әсері арқылы тамырын нығайтудағы және қоғамды гипнозға бөлеудегі табысын соңғы бір жылда жақсы түсіндік. Ұлттық мәдениеттің құлдырауына, жаһандық мәдениеттің таралуына және, демек, ұлттық мәдениеттерге теріс бағыттағы ықпалын қолдайтын хаостың иесі — медиа…
Біз қоғамдық тәртіптің болуы және медиа хабарларының теңгерімді таралуы тұрғысынан топтар арасындағы айырмашылықтардың туындауы мұлтіксіз шарт деп білетінбіз. Алайда біртекті ой мен идеологияға ие қоғамдардың болуы мүмкін екеніне сене жаздайтын сияқтымыз. Медиа арқылы қалыптастырылған күн тәртібінің біреу ғана болуы үшін барынша күш салынса да, күн тәртібінің мазмұнына берілген жауаптар мен туындаған пікірлер бір-бірінен өзгеше болып, ретсіздіктің тәртібін құру жолынан тайынбайды.
Медиа арқылы ақпарат өңделген орталықтан қабылдаушыға бағытталғанда хабар мазмұнының босап қалуы, бұрмалануы ықтималдығы өте жоғары. Өйткені бұл жоғары ықтималдық — медианың өз функционалдығына тән ерекше мақсат. Яғни ең жиі кездесетін құбылыс. Мұндай мақсат тұрғанда медиа хабарларын құндылығын жоғалтпастан, бар қалпында оқу мүмкін емес.
Әлемнің реттілігін бұзуға бағытталған энтропиялық үрдіс коммуникация үдерісінде де орын алатынын «ақпарат теориясының атасы» ретінде белгілі Клод Шеннон өз заманында ашық түсіндіріп берген. Түсіндірді, сонда не болды? Әрдайым сол бір тұзаққа түсетіндер ретінде қаншалықты түсінгенімізді талқылаудың мүлдем уақыты емес, бұл да мүлде бөлек мәселе!
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Bell зертханаларына қосылған Шеннон өрт басқару жүйелері мен криптография бойынша зерттеулер жүргізді. 1943 жылы ағылшын криптоаналитигі әрі математигі Алан Тьюрингпен және Тьюринг машинасымен танысады. Алан Тьюринг сияқты көрнекті тұлғалармен бірге өзін жетілдіреді. Оның криптография саласындағы еңбектері Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары сол кездегі АҚШ президенті Рузвельт пен Ұлыбритания премьер-министрі Черчилльдің хат-хабар алмасуында қолданылады. Құпия хабарларды Шеннон ұсынған тәсілмен, тек 0 мен 1-ден тұратын екі әріпті әліпбимен кодтаудың күші ашылғанда, мұның шын мәнінде жаңа дәуір ашқан жаңалық екені көп ұзамай аңғарылады. Өйткені хабарлар баршаға ашық байланыс арнасы арқылы жіберілсе де, тасымалданған мәліметтердің тек жіберуші мен қабылдаушы арасында ғана түсінікті болуын қамтамасыз етуге болатын еді. Бұл байланыс арнасын тыңдаған үшінші тұлғалардың хабар мазмұнына қол жеткізуіне жол бермей, аса құпия хабарларды өте қарапайым тәсілдермен жеткізуге болатынын білдірді.
Коммуникация дәуірінің басында «Желілік қоғамның» іргетасы қаланып жатқанда, Шеннон криптография бойынша дамытылуы тиіс әдістер жөніндегі зерттеулерін жеделдетеді. Ол байланыстың тек құпиялылық жағдайында ғана емес, байланыс арнасына әсер ететін қолайсыз жағдайларда да дұрыс жұмыс істеуінің жолдарын іздейді. Кедергілі әрі қателікке бейім байланыс арнасында да хабарды ең аз қатемен, дұрыс әрі қауіпсіз түрде қабылдаушыға жеткізу идеясы Шеннонды қатты толғандырды. Шеннон өз мақаласында ақпараттың математикалық түсіндірмесін де беріп, оның негізгі бірлігін «бит» деп атады. Биттер Буль алгебрасындағыдай тек 0 немесе 1 түрінде белгіленіп, кез келген ақпаратты (әріп, сан, бейне және т.б.) осы белгілеу арқылы өрнектеуге болатыны дәлелденді.
Бірнеше себеппен төңкерістік деп санауға болатын бұл мақала — қазіргі байланыс жүйелерінің іргетасы. Ұялы телефонмен сөйлесулеріңіз, сымсыз интернет байланысыңыз, радиобайланыс сияқты күнделікті өмірімізден бастап ғарыштық зерттеулерге дейін әр салада дерлік қолданылатын байланыс жүйелерінің негізінде жатқан бұл үлкен серпіліс ақпаратты және коммуникацияның негізгі динамикасын математикалық тұрғыдан пайымдауды алдын ала болжай білген Шенноннан басқа ешкімге тиесілі емес.
Коммуникация дәуірі мен ұялы телефон арқылы түрленген Желілік қоғамның ұмытылмас алғашқы ұраны «Ақпарат дәуірінің» іргетасы екенін бұған дейін осы алаңда айтқан едік. «Connecting People» есіңізде ғой? Бұл ұранның өзін ұмыттырмауының себебі: Nokia 3310 және соған ұқсас үлгілермен бірге одан шығатын дыбысты қатты ұнатқан едік. Nokia бізге әр қоңырау шалынғанда немесе айналамыздан естілген қоңырау дыбыстарының желісіндегі Морзе әліпбиі арқылы өзін ұнатқызып, тіпті бізді бір-бірімізбен байланыстырған.
Бұл әуен — естігенде қарапайым хабарлама дыбысы сияқты, мағынасыз дыбыс аралығы болып көрінетін «Ascending» деп аталатын үлгі. Шын мәнінде, ол Морзе әліпбиімен дыбысталған сөз тіркесі. Nokia-ның ұраны ретінде білетін, бізді бір-бірімізге жалғайтын, «Connecting people» дегенді білдіретін, ақпараттық қоғамға хаос желілерін тоқыған әйгілі ұран дәл осы!
Теңгерімсіз жағдайлармен жабдықталған бұл үдерісте энтропияның тәртіпті, ұйымдасуды және, демек, тіршілікті азайтпайтынын, керісінше, оларды туғызатынын ұмытпауымыз керек. Дәстүрлі термодинамикалық көзқарастардың қаншалықты жеткіліксіз екенін енді түсінгенімізді ойлаймын. Белгілі бір жүйелер құлдырап жатқанда, басқалары сонымен бір мезгілде неғұрлым үйлесімді түрде эволюцияланып, дамып келеді. Тәртіп энтропияға қарамастан емес, керісінше, энтропияның арқасында пайда болады.
Эволюциялық жүйелер ашық әрі сызықтық емес. Жаңа ақпаратты талдап, бағалай алатын, ақпарат қозғалысын диалектикалық тұрғыдан да шеше алатын қабілеті бар жандар әрқашан болады. Біз әлеуметтік әлемнің (адамдар, саясат, сауда сияқты) көптеген ішкі байланыс түйіндеріндегі 2021 жылдың белгісіздігімен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз белгісіздік, хаос пен тәртіп арасындағы жіңішке шекарадамыз, ойланудың дәл уақыты!
Түйін сөздер: Шеннон АҚШ Ақпарат дәуірі