Басты бет

CISACADEMIA

Университеттің Директорлар кеңесінің мүшелері университет аумағына ағаш отырғызды

Омбудсмен Нели Шапекованың бастамасымен Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) Директорлар кеңесінің мүшелері университет аумағына ағаш отырғызды. Жақсыбек Құлекеев, Назгүл Айдарғалиева, Айдын Абай, Талғат Дүсеков, Тансел Терджан, Болат Төкежанов, Мадияр Орынбаев және өзге де қатысушылар көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берді.

Қала бойынша күзгі ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Акцияларға бизнес өкілдері, түрлі ұйымдар, жастар, құрылысшылар және барлық ниетті тұрғындар қатысуда.

«Астананы жайлы қалаға айналдыру үшін абаттандыру мен көгалдандыруға басымдық беріліп отыр. Бүгін біз ЕҰУ-ға ағаш отырғызуға келдік, егер әрбір еуразиялық университет алаңына бір ағаштан отырғызса, «Жасыл ЕҰУ» қалашығын құрамыз. Университет аумағында жасыл аймақ неғұрлым көп болса, соғұрлым бәріміз бақытты боламыз», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Құлекеев.

Жөке ағашының 9 көшеті отырғызылды. Нели Шапекованың айтуынша, бұл ағаш түрі 400-500 жыл бойы өмір сүре алады және биіктігі 30-40 метрге жетеді. Ағаштардың арасына «Еуразия ұлттық университетінің Директорлар кеңесінен» деген жазуы бар тақта орнатылды.