Басты бет

CISACADEMIA

Сұхбат: Тансел Терджан

Тансел Терджан қонақүй саласындағы жұмыс тәжірибесі мен шынайы шығыстық қонақжайлылық туралы әңгімеледі.

Өзіңіз туралы аздап айтып берсеңіз. Қонақүй саласындағы мансабыңыз қалай басталды?

Мансабымды қаржыгер ретінде бастадым. Бұл мақсатқа жетудің ең жылдам жолы деп ойладым. Әрине, қонақжайлылық саласына келгенде менің мақсатым бас менеджер лауазымы болды. Шынымен де жолым болды деп айта аламын: Түркияның ең үздік қонақүйлерінде жұмыс істедім. 1995 жылы Түркиядағы алғашқы гольф-қонақүй Gloria Golf Resort ашылды, мен онда қаржы директоры болып қызмет еттім. Кейіннен, 2017 жылы Түркиядағы ең үздік гольф-қонақүй —  Gloria Golf Resort ашылды, мен сонда ауыстым. 2000 жылы Түркияда люкс санатындағы халықаралық қонақүйлер желісі — Rixos Hotels құрылды. 13 жыл бойы осы тамаша желіде жұмыс істеп келемін.

Астанада жұмыс істеуге не себепті келіскеніңізді және қала туралы әсерлеріңізді айтып берсеңіз?

Бұған дейінгі жылдардың бәрінде мансабымды Анталия қонақүйлерінде құрдым. Бірақ шетелде жұмыс істеу әрдайым жоспарларымның қатарында болатын. Астанаға 1,5 жыл бұрын келдім. Компанияның Rixos President Astana қонақүйін басқару туралы ұсынысын бірден қабылдадым. Жоспарларымды жүзеге асырып, шетелде жұмыс тәжірибесін жинақтағым келді, екіншіден, ауқымды көрменің – EXPO-2017 «Болашақтың энергиясы» көрмесінің – бір бөлшегі болуды қаладым. Үшіншіден, Астананың аса маңызды Жібек жолы жобасының – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының – маңызды буыны екенін білдім. Астананың болашақтағы дамуын халықаралық қаржы орталығының ашылуымен де байланыстырдым.

Әлемдегі ең жас астаналардың бірі – Астана бүгінде дүниенің түкпір-түкпірінен келген шетелдік мамандарға сан алуан мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ғимараттардың алуан түрлі әрі сәулетті архитектурасы, таңғаларлық әсем көріністер бұл қаланы қонақтарға ашық әрі тартымды етеді. Осыншама түрлі стильді, дәстүр мен мәдениетті тоғыстырған қалада, Астанада тұратын шетелдіктер қызықты әрі мағыналы өмір сүреді. Астана – экономикасымен қатар қарқынды өсіп, дамып келе жатқан, халықаралық инвестицияларды тартып, өзін халықаралық нарықта танытып жүрген өте жас қала. Бұл Астанада жұмыс істегісі келетіндер үшін зор болашақ дегенді білдіреді.

2018 жылы жобаңыздың дамуына қатысты қандай үміттеріңіз бар?

Бүгінде қонақүй нарығында бәсекелес бес жұлдызды қонақүйлер көп болғанына қарамастан,  Rixos President Astana қонақтарымызға өз басынан кешіруді ұсынатын түрік қонақжайлылығының бірегей дәстүрлері мен әлемдегі ең үздік түрік сервисінің арқасында ерекше орынға ие. Қызмет сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеп келеміз, осы кезеңде нөмірлерді, мейрамханалар мен залдарды жаңартуды бастадық, сондықтан Rixos President Astana жақында жаңаша жарқырай түседі.

Kazakhstan Fashion Week Astana серіктесі болуға не себепті келістіңіз? Жобаға қатысуыңыз туралы әсерлеріңізбен бөліссеңіз?

Сән – адамның немесе қоғамның маңызын сөзсіз жеткізетін белгілер жүйесі, белгілердің, символдар мен иконографияның тілі.  Rixos President Astana қонақүйі жергілікті деңгейде ғана емес, жаһандық ауқымда да сәнді сауда маркасы.  Астананың  ең үздік сауда орталықтарының бірі – бірегей «Хан Шатыр»  да біздің желіміздің бір компаниясына тиесілі. Міне, сондықтан біз KFW серіктесі болдық.

Сән көрсетілімдері барысында әйгілі дизайнерлер өздерінің туынды-шедевр коллекцияларын ұсынатын  KFW-ге  алаң беру арқылы серіктес қонақүй ретінде біз де шоудың барлық қатысушылары мен қонақтарына қонақүй қонақжайлылығы туралы  көзқарасымызды көрсету мүмкіндігіне ие боламыз.

Дереккөз: eurasianfashionweek.com

Орыс тіліндегі түпнұсқадан аударылды.