
НҰР-СҰЛТАН. KAZINFORM – Түркиялық ғалым Нурфер Терджан Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен «Желдің үндеуі. Әл-Фараби» атты кітабын жарыққа шығарды. Ол қазір Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ізденіс жүргізуде. Нурфер Терджан «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында жаңа кітабының ерекшеліктері мен зерттеулерінің негізгі мақсаты туралы әңгімеледі.
– Әл-Фарабиге арналған кітап жазуды қалай және қашан ұйғардыңыз?
– Бұл ой кездейсоқ туды деп айта аламын. Бір күні Әбу Насыр әл-Фараби туралы кітап жазамын деп ойламаппын, өйткені тақырып күрделі. Себебі бұл жай ғана өмірбаян емес, ұлы философияның аясы. Өткен жылдың тамыз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Мехмет Арсланмен кездестім, әңгіме барысында Әл-Фараби тақырыбын қозғадық. Мен философқа қатысты кейбір құжаттарды іздеп жүрген едім; ғылыми жұмыс үшін емес, өзім үшін, өз дамуым үшін. Әл-Фараби, оның философиясы, ғылым және «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» жайында сөз еттік. Профессор Мехмет Арслан өткен жылдың өзінде 2020 жылы ұлы ғұламаның туғанына 1150 жыл толатынын айтқан еді. Ол маған университет үшін кітап жазуды ұсынды. Келістім, бірақ бірден айтайын: оны жазу оңай болған жоқ. Кітап университетте басылып шықты. Оқиғасы осындай. Қазақ ұлттық университетінде PhD бағдарламасының бірінші жылын аяқтадым. Көп жылдан бері Әл-Фараби еңбектерін оқып келемін. Ең алдымен оны өзімді жетілдіру үшін танығым келді. Өзімді зерттеп, өзімнің үстімнен жұмыс істеп жүрдім және болашақта бір күні кітап жаза аламын деп ойламаған едім. Дегенмен бұл тек бастамасы ғана екенін атап өткім келеді.
– Әл-Фараби еңбектерінің қай қыры сізге ерекше әсер етті?
– Оның еңбектері көптеген саланы қамтиды: ғылым, саясат, музыка, тілдер, шешендік өнер. Бірақ маған шынайы әсер еткені – бақыт тақырыбы. Менің ойымша, әрбір адам өзіне бақыт туралы сұрақ қояды. Сіз де, сірә, өзіңізге сұрақ қоятын шығарсыз: бақыт деген не? Ойлап көріңізші, адам дәмді кофе ішеді, шоколад жейді… Иә, мұны бақыт деп атауға болады, бірақ бар болғаны бес минутқа созылатын бақыт. Ал бес минуттан кейін көңіл-күйіміз өзгеруі мүмкін. Бұл енді «бақыт емес». Ал Әл-Фараби бұл сөздің мағынасын әр қырынан айқындай білген. Бақыт – қайырымды адам болу. Бақыт тек күлу не жымию, кофе ішу не тамақ жеу емес; бұл – адамда бөлінетін гормондар. Өмірдің ең басты кілті – қалайша қайырымды адам болу керектігінде. Кітабымның ұраны – «Желдің үндеуі». Кітабым Әл-Фарабидің өмірбаянын баяндамайды. Иә, әрине, кітаптан ғұламаның өмірі, оның философиялық өмір жолы туралы көптеген мәлімет табуға болады. Мен Әл-Фарабиден үйренуге тырысамын. Бұл кітап оқырманға тек кеңестер береді. Мен оқығанда оны өзімше түсінемін. Сіз де оқысаңыз, оны өзіңізше түсініп, өзіңізді тануға апаратын өз кілтіңізді табатын шығарсыз.
– Кітабыңыздың ерекшелігі неде?
– Әл-Фараби туралы кітаптардың басым бөлігі академиялық, ғылыми тілде жазылған. Философия немесе философтар туралы оқығанда қолыңыздың астында сөздік ұстауыңыз керек. Ал мен кітабымда мынаны жеткізуге тырыстым: Әл-Фараби туралы кітаптарды тек ғалымдар ғана оқи алатын болмауы керек. Әрине, әркім Әл-Фараби сияқты ғұламаны оқып, тануы тиіс, әсіресе мерейтой жылында. Алайда ғылыми тілдің тереңдігін бәрі бірдей түсіне бермейді; сондықтан қарапайым әрі түсінікті тілде жазылған еңбектер қажет. Мен істі қиындатқан жоқпын, кітапты академиялық тілде жазбадым. Бұл кітапты оқыған кез келген адам оның мәнін түсіне алады. Университеттің (Қазақ ұлттық университеті) профессор-оқытушылар құрамы кітапты мақұлдады. Кітап барша жұртқа арналған: университет студенттеріне де, мектеп оқушыларына да, «шынайы бақыт деген не?» деген сұраққа жауап іздеушілерге де.
– Әл-Фарабидің өмірін зерттегенде қай тілдегі дереккөздермен жұмыс істейсіз, мұрағат деректерін табуда қандай да бір қиындық бар ма?
– Басында кітабымды, әрине, түрік тілінде жаздым. Кәсіби аудармашылар кітапты орыс және ағылшын тілдеріне аударды. Болашақта, менің ойымша, кітап қазақ тіліне де аударылады. Бұл ең алдымен оқырман қауымның қажеттілігіне байланысты. Жалпы, зерттеу жүргізгенде дереккөздерді қолжетімді болған жердің бәрінен және түрлі тілдерде іздеймін. Біз жоғары технологиялар әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Түрлі аударма бағдарламалары бар. Мысалы, Әл-Фараби туралы араб немесе парсы тіліндегі құжаттарды іздегенде, оларды түрік немесе ағылшын тіліне аудару үшін арнайы бағдарламаларды пайдаландым. Әрине, аударманың сапасы сәл өзгеше болуы мүмкін, бірақ бұл маған жаңа ойлар береді. Қазір дереккөздерді аудару қиын емес. Егер сізге ақпарат шынымен қажет болса, менің ойымша, ешқандай мәселе де болмайды.
– Түркияда Әбу Насыр әл-Фарабидің кім екені қаншалықты белгілі?
– Шынында да, басқа көптеген елдердегідей, оның есімі тек ғалымдар ортасында, университет қабырғасында ғана белгілі; ал қалың жұртшылық оны онша білмейді. Мені қызықтыратын тағы бір тақырып бар: Әл-Фарабидің музыкаға қатысты теориялық тұжырымдамалары. Музыка философиясы туралы кез келген адам оқи алады, өйткені музыканы бәрі жақсы көреді. Бірақ музыканы алғаш зерттеген адам Әл-Фараби екенін, Түркия азаматтарын қоса алғанда, ешкім дерлік білмейді. Әл-Фараби тіпті музыкалық аспап (цитра) жасаған. Міне, осы аспап – түріктердің негізгі ұлттық аспабы. Көптеген ғалымдар мен музыканттар «цитра» аспабын Әл-Фараби зерттегенін білмейді де. Философ сондай-ақ Таяу Шығыс музыкасы мен түрік музыкасын зерттеген. Кәсіби музыканы зерделеген. Ал мұндай деректер көпшілікке онша белгісіз. Бұл менің алғашқы кітабым, бірақ алғашқы тәжірибем емес. Бес жыл бойы түрлі ғылыми журналдарға көптеген мақалалар жаздым. Айта кету керек, ең үлкен мән, мысалы, 2050 жылы жас ұрпақтың Әл-Фараби философиясын қалай түсінетінінде жатыр. Бұл – маңызды фактор. «Желдің үндеуі» кітабы осы сұраққа жауап береді деп сенемін.
– Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде PhD бағдарламасы бойынша оқитыныңызды айттыңыз. Еліміздің білім беру жүйесін қалай бағалайсыз?
– Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесін Түркиянікімен салыстырмаймын, өйткені география да, адамдардың тұрмыс салты да әртүрлі. Әр мемлекет өз азаматтарына өзінің даму деңгейіне және географиялық орналасуына сай білім береді. Сонымен бірге екі мемлекеттің де білім беру жүйесі оң бағытта дамып келеді. Қазақстанда көптеген азаматтың ғылымға, әдебиетке қызығатынын көріп жүрмін. Қазақ халқы – әдебиетсүйер халық. Олар кітап оқуды шын жүректен жақсы көреді, философиямен айналысады, Абай шығармаларын бәрі біледі. Қазақстандықтар – өз елінің патриоттары. Ұлттық академиялық кітапханаға тек студенттер мен ғалымдар ғана емес, көптеген азаматтардың баратынын байқадым.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Орыс тіліндегі түпнұсқадан аударылды.
