Зұлымдықтың мөлдірлігі

Қайтадан «Белгісіздікке» қарай қадам басқан жылдың алғашқы күндеріндеміз, 2021! Ұлы нөлдеудің бастауы арнайы 2020 жылға межеленген еді. Әрі алғашқы кезеңінде ол сәтті де болды. Соңы -0- санымен аяқталатын жыл. Көшелерден аяқ-қолымызды тартып, нөлдендік… Көгілдір ғаламшардың тарихында қоғамдар 2020 жылдан басқа ешқашан мұндай теңдікте болмаған. Сені, 2020, қоғамдар ортақ бір нүктеде тоғысқан жалғыз жыл ретінде есте сақтаймыз. Әрі, меніңше, есімізде қалатын жалғыз нәрсе де осы болар. Кез келген адамның 2020 жылдың қалай өткені туралы нақты, бояуы қанық, бір-бірінен ерекшеленетін жауабы жоқ десе болады. Өйткені жүйенің құрылымы нөлдеуге, яғни ұмыттыруға негізделген еді… Энигма мен екінші 36 кезеңіне дайындық сатысында тұрғанымызды, бізді ұмыттыратынын, яғни қалай нөлденетінімізді осы алаңда “Ештеңе бұрынғыдай болмайды” атты мақаламызда баяндауға тырысқан едік.
Жер бетіндегі тіршілік салтына ықпал ететін, кейбір күштер деп естіп жүрген тараптар тарихи кезеңдерді 108 жылдық мерзімдер ретінде мұқият есептеп қойған. Ал біз есептерінің ең нәзігінен таңдалған қармағына ілінгенімізді мүлде аңғармастан, ұрпақтан ұрпаққа эволюцияға түсіп, құладық, соңғы 20 жылда виртуал әлемде қайта тірілдік деген елеске барған сайын беріле түстік, виртуалдықтың толқын-толқын болып келетін нұсқаларына да тоймадық.
Атақты француз әлеуметтанушысы Жан Бодрийяр «Зұлымдықтың мөлдірлігі – Шектен тыс құбылыстар туралы эссе» атты кітабында біз тоймай жүрген виртуалдықтың нұсқаларын барынша мөлдір түрде ашып көрсетіп, ескертіп, жол-жолымен, кітап-кітабымен жеткізуге тырысқан. Естігендер естіп, өз әлемдерінде саналылығын сақтау үшін күрескен, ал естімегендерді авторымыз үңгірдегі тіршілік салтына байланысты кешірімді деп қабылдаған…
Батысты Батыс еткен негізгі ұғымдар – даму, ілгерілеу және өзін-өзі сақтау қағидасының барлық жерде жойылу мен өлу күйінің үздіксіздігіне айналғанын көрсеткен Бодрийярдың «Зұлымдықтың мөлдірлігі» еңбегіндегі ескертулерді ұмыттырмай тұрып, қазіргі сәтті түсіну үшін қайта оқыған пайдалы болар деп ойладық. Бодрийяр зұлымдық түрлерінің жаңа формациясын тұтастай алғанда барынша мөлдірлікпен қалай білдірген?
Біз денелер мен сана сигналдар мен бейнелер арқылы таралатын мәдениеттің ішіндеміз; және бұл мәдениеттің ең әдемі нәтижелерді жасағаны сияқты, ең өлтіргіш вирустарды да тудырғанына неге таңғаламыз? Денелерді ядролық етіп өзгерту Хиросимада басталды, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарының, бейнелердің, белгілердің, бағдарламалар мен коммуникация желілерінің таралуымен белгілі бір ортада денелер үздіксіз әрі толассыз түрде ядролыққа айналдырылуда.
ЖИТС, банкроттық, электрондық вирустар және терроризм бір-бірін алмастыра алатын нәрселер емес; бірақ олар бір текті отбасын құрайды. ЖИТС белгілі бір мағынада жыныстық құндылықтардың банкроттығы, дәл Уолл-стриттегі банкроттықта компьютерлердің «улаушы» рөл атқарғаны сияқты. Бірақ компьютерлерге де вирус жұққандықтан, ақпараттық-есептеу құндылықтарының банкроттығы да таяу тұр. Індет әр жүйенің ішінде ғана әрекет етіп қоймай, бір жүйеден екіншісіне де ықпал етеді. Осы үрдістердің бәрі апат сценарийінің төңірегінде айналады. Бұл ретсізденудің белгілері, әрине, ұзақ уақыттан бері көзге көрініп тұрған еді: індетке айналмас бұрын-ақ болған ЖИТС, 1929 жылғы мысалымен бастаушы болған және қаупі әрдайым бар банкроттық, жиырма жылдық тарихы бар электрондық қарақшылық пен апаттар.
Біз өмір сүріп отырған, радиацияға ұшыраған (Дәл неге? Бақыттың, қауіпсіздіктің, ақпарат пен коммуникацияның шамадан тыс сәулеленуіне ме? Символдық ядролардың, негізгі ережелердің, қоғамдық келісімдердің ыдырауына ма? Who knows?*) қоғамдарда терроризмнің тізбекті реакциясына ЖИТС-тің, қаржылық басқыншылардың, компьютерлік хакерлердің тізбекті реакциясынан артық ұқсайтын ештеңе енді жоқ. Терроризмнің жұқпалылығы мен арбаушылығы да осы оқиғалардың бәрінікі сияқты түсініксіз. Компьютерлік бағдарлама жасаушы бағдарламаға «soft бомба» орнатып, бағдарламаны жоюды қысым құралы ретінде пайдаланғанда, оның істеп отырғаны бағдарламаны және бағдарламаның барлық операцияларын кепілге алудан басқа не? Басқыншылар компаниялардың биржада күйреуі немесе өрлеуі туралы алыпсатарлық жасағанда, компанияларды кепілге алудан басқа не істеп жүр? Осы әрекеттердің бәрі терроризм үлгісі бойынша жүзеге асады (акциялар мен картиналар сияқты кепілдердің де белгіленген нарықтық құны бар); алайда терроризмді ЖИТС, электрондық вирус немесе биржадағы ашық сатып алу ұсыныстары үлгісі бойынша да түсіндіре алар едік:
Бұл ғылыми фантастика ма? Сондай дерлік. Ақпарат пен коммуникацияда хабардың құны, хабар бейнеден бейнеге, экраннан экранға өткендіктен, сонымен бірге таза айналымның құны да болып табылады. Бұл жаңа ортадан тепкіш құндылықтан (биржа, өнер нарығы, басқыншылар) бәріміз оны бір шоу сияқты тамашалап, ләззат аламыз. Электрондық вирустар – әлемдік ауқымдағы ақпараттың өлімші мөлдірлігінің көрінісі. Олардың болжап болмайтын оқиғалар болуы да бұдан кем тартымды емес. Қалай болғанда да, кез келген болжам адамда оны жоққа шығару ниетін туғызады. Оқиғалар кейде бұл жоққа шығару ісін өз мойнына алады. Мысалы, тым көп болжанған кейбір оқиғалар бар, олар болмауы да мүмкін; бұл оқиғалар хабарсыз пайда болатындарға қарама-қарсы. Күтпеген өзгерістерге, конъюнктуралық тосынсыйларға, оқиғалардың осы тіл шалдырмасына (witz) бәс тігу керек… Оқиғалардың бұл шалдырмасын (тіл шалдырмасы сияқты) әр жолы болжай аламыз ба? Яғни статистикалық ақиқатты әрдайым жоққа шығаруға болады деп ұсыну академиялық болжам емес. Бұл – қоғамның қу данышпандығының ең сирек қырынан туындайтын үміт.
Бұрын бұқараның ерікті құлдығы мінсіз пайдаланылса, бұдан былай олардың еріксіз белгісіздігі пайдаланылуда. Бұл мынаны білдіреді: бұқарамен айналысатын мамандар мен оларға ықпал етеміз деп ойлайтын айлакерлердің хабарынсыз-ақ бұқара саясаттың виртуалды түрде өлгенін, бірақ ойнасын деп өздеріне берілген жаңа ойынның биржадағы ауытқулар сияқты толқытарлық екенін біледі. Бұл ойында бұқара көрермендермен, харизма мен беделдің көрсеткіштерімен, бейнелердің нарықтық құнымен дойбы тасымен ойнағандай төзгісіз жеңілдікпен ойнайды. Бұқараны ықтималдықтар есебіне тірідей құрбан ету үшін олардың рухы әдейі түсіріліп, идеологиясыздандырылды; бірақ бүгінде барлық бейнелерді тұрақсыздандырып, саясаттың ақиқатын мазақ ететін – бұқараның өзі. Оларға не үйретілсе, соны ойнайды; статистика мен бейне биржасында алыпсатарлық жасай отырып, нағыз алыпсатардың азғындығымен ойнайды. Ақымақтық кесімділік пен сандардың аяусыз дөрекілігіне қарсы бұқара әлеуметтану саласындағы белгісіздік қағидасын шекараларда жандандырады. Билік жүйесі статистикалық тәртіпті барынша ұйымдастырып жатқанда (ал бүгінде қоғамдық тәртіп – статистикалық тәртіп), бұқара жасырын түрде статистикалық тәртіпсіздікті бақылап отырады.
Бұл вирустық, шайтани, ироникалық және кері айналдыруға болатын құрылымнан күтпеген нәтиже, тіл шалдырмасына ұқсас оқиға күтуге болады. Бұл қоғам бұдан былай тек айқын емес, жария етуге мүмкін емес оқиғаларды ғана тудырады. Бұрын оқиға болу үшін болатын, ал бүгін ол жүзеге асыруға жоспарланған нәрсе. Яғни оқиға енді медиалық формалардың травестиясы сияқты виртуалды жасанды өнім ретінде пайда болады.
Өндірілген және симуляцияланған оқиға. Яғни ол не вирустардың жоққа шығаруға болмайтын улылығын дәлелдейтін нақты апат, не бүгінде ең үздік стратегия есепті тұрақсыздық пен алдау екенін дәлелдейтін толық симуляция. Мәселенің мәні неде? Тіпті эксперименттік симуляция туралы болжам дұрыс болған күннің өзінде, бұл жағдай үдерістің бақылауда екеніне ешқашан кепілдік бермейді. Тест-вирус қиратушы вирусқа айналуы мүмкін. Тізбекті реакцияларды ешкім бақылай алмайды. Бұл жағдайда біз симуляцияланған апатпен емес, симуляция апатымен бетпе-бет тұрмыз. Оның үстіне кез келген апат не табиғи зілзала террористік әрекет ретінде мойындалуы мүмкін болғаны сияқты, мұндай әрекет те апат не табиғи зілзала ретінде қабылдануы мүмкін. Болжамдардың шегі жоқ.
Сондықтан бүкіл жүйе түгелдей террористік. Өйткені нағыз террор – зорлық-зомбылық немесе апат террорі емес, белгісіздік пен тежеу террорі. Бір кезде тонау симуляциясын жасаған бір топ нақты қарулы тонау жасағандардан да ауыр жазаға кесілген еді: шындық қағидасын бұзу нақты шабуылдан да ауыр шабуыл болып саналады.
Бұдан шығатын нәрсе – орасан зор белгісіздік; операциялық жандылықтың өзегіндегі орасан зор белгісіздік. Мұндай дүрбелең жағдайын алдын ала көрген тағы да ғылым болды: эксперименттік интерфейс ішінде субъект пен объектінің өзара орындарын жоғалтуы объект пен білімнің объективті шындығына қатысты осы кесімді белгісіздік жағдайын тудырады. Ғылымның өзі де таңғажайып тартылыс күштерінің ықпалына түскен сияқты. Бірақ экономиканың жағдайы да солай; экономиканың жандануы бұл салада үстемдік ететін абсолютті болжамсыздыққа байланысты. Ақпараттық технологиялардың кенет дамуы да солай; бұл даму мұнда айналатын ақпараттың шешілмейтіндігіне байланысты.
Осы технологиялардың бәрі нақты әлемнің белсенді бөлігі ме, жоқ па – бұл аса күмәнді. Техника мен ғылымның ұтымдылығы бізді, керісінше, ақиқат пен шындықтың кез келген қағидасынан тыс, абсолютті шындыққа жатпайтын әлеммен бетпе-бет келтіреді. Қазіргі заманғы төңкеріс – белгісіздіктің төңкерісі.”